Су тасқынынан зардап шеккен жолдарды қалпына келтіруге 8 млрд теңге қажет: Көлік министрлігі бұл соманың әлі де өсетінін мәлімдеді
Су тасқынынан бұзылған жол төсемдерін қалпына келтіруге 8,4 млрд теңге кетеді. Бұл жайлы «Курсивке» Көлік министрлігі хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, бұл нақты сома емес. Шығын әлі де өсуі мүмкін.
Су тасқыны басталғаннан бері Қазақстанның республикалық тас жолдарында су тасқынымен байланысты 169 оқиға тіркелген.
«Бүгінде Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында ұзындығы 660 метр екі жолдың учаскелерін еріген қар су басып жатыр. Қардың мол еруіне байланысты Қазақстанның 12 облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында су тасқыны тіркелді»,– делінген жауапта.
Атап айтқанда мына облыстардағы автожолдарға:
- Ақмола облысының — 37 учаскесінде;
- Ақтөбе облысының — 7 учаскесінде;
- Алматы облысының — 1 учаскесінде;
- Атырау облысының — 9 учаскесінде;
- Шығыс Қазақстан облысының — 1 учаскесінде;
- Батыс Қазақстан облысының — 4 учаскесінде;
- Қарағанды облысының — 17 учаскесінде;
- Қостанай облысының — 19 учаскесінде;
- Павлодар облысының — 7 учаскесінде;
- Солтүстік Қазақстан облысының — 35 учаскесінде;
- Абай облысының — 6 учаскесінде;
- Ұлытау облысының — 6 учаскесіндегі автожолдарға зиян келген.
Сонымен бірге Қазақстанның тағы сегіз облысында жол жиектері шайылып кеткен. Ал кей жағдайда 33 шақырым қашықтықта жол жамылғысының тозуы тіркелген. Сонымен бірге елдімекендерді су басу қаупінен сақтау мақсатында кейбір учаскелерде жол төсемдерін орта белінен жару туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде ұзындығы 100 метр болатын 11 автожол учаскесінде жол төсемі қолдан жарылған.
Тасқын су Ақтөбе облысындағы Самара-Шымкент және Қандыағаш-Шалқар тас жолындағы төрт көпірді де шайып кеткен.
«Алдын ала есептеулерге сәйкес, тасқын судан автожолдарға келген шығын 8 млрд теңгеден асты. Келтірілген залалдың нақты көлемі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының барлық желісі мен жол құрылымын зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін анықталады»,– деп хабарлайды ведомство.
Қазіргі таңда су басқан аймақтарда автожолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларға кететін қаражат келесі тәртіппен бөлінген:
- Қандыағаш-Шалқар автожолындағы үш көпірді жөндеуге – 3,8 млрд теңге жұмсалмақ;
- Самара-Шымкент бағытындағы 8 учаске мен көпірді жөндеуге – 2,4 млрд теңге жұмсау көзделген.
- Техникалық қызмет көрсету аясында ағымдағы жөндеу жұмыстарына жалпы 2,2 млрд теңге кетеді.
Қазіргі уақытта 89 жол учаскесінде жол жөндеу жұмыстары аяқталған.
«10 учаскеде жұмыс жүргізілуде, сонымен қатар 20 учаскеде жұмысты бастау жоспарлануда», – деп хабарлайды министрлік.