Жаңалықтар

Арменияда наразылық білдірушілер премьер-министр лауазымына шіркеу қызметкерін ұсынды

Қазіргі уақытта Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен 137 адам қамауға алынған / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Отан үшін Тавуш» қозғалысының, Армян апостолдық шіркеуінің Тавуш епархиясының басшысы архиепископ Баграт Галстанян премьер-министрлікке үміткер ретінде жарияланды. Бұл туралы Ереванда өткен митингіде шығыстанушы Гурген Меликян мәлімдеді.

«Голос Армении» қоғамдық-саяси басылымы мәлімдегендей, Гурген Мелкиян Галстанянның кандидатурасын толық қолдайтындығын жеткізді.

«Бізге жауапкершілікті өз мойнына алып, барлығын біріктіре алатын адам керек. Отан дегеннің не екенін білетін адам өмірдің, бейбітшіліктің қадірін біледі. Бізге үміт сыйлаған және соғыс есігін жапқан бұл Владыка Баграт», – деді Меликян.

Бұған дейін Галстанянның өзі сөз сөйлеп, қозғалыс үшінші және соңғы кезеңге жеткенін айтты. Оның айтуынша, олардың уақытша премьер-министрлікке кандидаты үш негізгі тармақты ұстануы керек:

  •  партиялық немесе топтық мүдделерден жоғары тұру, әділеттілікке негізделген қоғамдық бірлікті нығайту;
  • сыртқы саясатта «қарсы болмау» қағидатын ұстану; болашақта сайлауға жеке қатысуға үміткер болмай, кезекті немесе кезектен тыс сайлау өткізу.

Галстанян мұндай лауазымды қызметке ұмтылмағанын, алайда күрес соған әкеле жатқанын мәлімдеді.

«Мен ешқашан жауапкершіліктен бас тартуға тырысқан емеспін. Менің кандидатурама қатысты қалың көпшіліктің үміттерін ескере отырып, барлық армянның Католикосымен сөйлестім. Менің өз қызметім мен премьер – министрлікті қатар алып жүре алмайтыным туралы шешім қабылдадық», – деді Галстанян.

Сондықтан ол Католикостан өзінің 30 жылдық діни қызметін тоқтатуды сұрады.

Армения астанасы Ереванда премьер-министр Николь Пашинянның Әзербайжанмен қақтығысты шешуге қатысты саясатына қарсы жаппай наразылықтар жалғасуда.  Армения ІІМ-нің хабарлауынша, қазіргі уақытта Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен 137 адам қамауға алынған.

Еске салсақ, 9-мамырда Армения астанасы Ереванда премьер-министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап ететін мыңдаған адам митингіге шыққан. Олар елдің бірқатар аумақтарының Әзербайжанға берілуіне қарсы.

Наразылық акциясына Армян апостолдық шіркеуінің Тавуш епархиясының басшысы архиепископ Баграт Галстанян басқарған «Отан үшін Тавуш» қозғалысының жақтаушылары шыққан. Митинг барысында наразылық білдірушілер «билікке бағынбайтынын» және Пашинянға премьер-министр қызметінен кетуге уақыт бергенін айтты. 

13 мамырда Еревандағы акция барысында 150 астам наразылық білдіруші азаматты полиция ұстап алып кеткен. Акцияға қатысушылар Армения ӘҚБтК 182-бабы бойынша, яғни заң талаптарын орындамағаны үшін ұсталған.