Алматы облысында 40 шақты турист мінген автобус апатқа ұшырады
Алматы облысындағы Шарын шатқалы маңында туристер мінген автобус жол апатына ұшырады. Салдарынан 13 адам зардап шекті.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, жол апаты бүгін, 27 мамыр сағат 10:20-да Кеген және Еңбекшіқазақ ауданының шекаралас аумағында болған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, автобус «ҚазАвтоЖол» желісіне жататын Аласа асуындағы күрделі жол бұрылысында жолдан шығып кеткен. Оқиға орнына дереу Кеген ауданынан екі жедел жәрдем бригадасы шықты. Автобуста 37 адам болған. Кеген аудандық ауруханасына 5 адам, Жалағаш аудандық ауруханасына 4 адам, Шелек ауылына 4 адам жеткізілді»,- деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Орын алған жол апаты бойынша адам шығыны тіркелмеген. Ал зардап шеккен туристердің барлығы дәрігерлердің бақылауында. Әзірге облыс әкімдігі апаттың нақты себебін жариялаған жоқ. Тек тергеу жүріп жатқаны ғана айтылды.
Айта кетейік осыған дейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жолаушылар автобусы көпірден құлаған еді. Қайғылы оқиға қаланың ортасында болған: жолаушылар мінген автобус бірнеше автокөлікке соғылып, көпір қоршауын қиратып, Мойка өзеніне құлаған. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жағдайға қатысты пікір білдірді. Ресми өкіл қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы болған деген ақпаратты жоққа шығарды. Қаза тапқан 28 жастағы жолаушы Ресей азаматы болып шыққан.
Алматыдағы жантүршігерлік автобус апаты
Еске салсақ, 2023 жылғы 22 желтоқсанда Алматыда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болған еді. 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізушімен жанжалдасып, жүргізушіні ұрып есінен тандырған. Осының салдарынан жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.
Сондай-ақ жақында үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты автобус жүргізушісін ұрған Дархан Ахмеджанов кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.