BofA болжамы, EОБ мөлшерлемені қашан төмендетеді, Қытай чипмейкерлерді қолдайды

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Еуропалық орталық банк 6 маусымда өтетін отырыста пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін, Қытай чип өндірушілерді қолдау үшін 47,5 миллиард долларлық ұлттық қор құрды, Америка банкі АҚШ экономикасының айтарлықтай күрделі жағдайға тап болмайтынын күтіп отыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы 27 мамырдағы әлемдік БАҚ-тың шолуын оқыңыз.

BofA стратегі: Қазіргі ахуал – бұл «жұмсақ қону»

Bank of America-ның АҚШ пен Канададағы акция жөніндегі стратегі Осунг Квонның пікірінше, АҚШ-тың акциялар нарығындағы қазіргі жағдай ел экономикасының айтарлықтай күрделі емес екенін көрсетеді. Бұл туралы ол Yahoo Finance-қа мәлімдеді. 2024 жылдың басынан бастап негізгі қор индекстері рекордтық деңгейге жақындады. Сондай-ақ Уолл-стрит стратегтері бәйге әлі аяқталған жоқ деп отыр. Бірқатар сарапшылар өз бағалауын S&P 500-ге көтерді және қазір Bloomberg мәліметі бойынша жыл соңына қарай индекстің орташа өсу болжамы 5 250 болып тұр.

Квон инфляцияның наурыз-сәуір айларындағы «қызу» деректері бағаның қайта өсетінін білдірмейтінін түсіндірді. Дегенмен басқа деректер экономиканың нық екенін байқатып, оның өсуі инфляцияны да күшейтеді деген уайымды сейілтті. Негізінде, мұның жыл басында Уолл-стрит «бұқалары» күткендей экономиканың айтарлықтай күрделі емес екенін қуаттай түскеніне Квон сенімді.

BMO Capital Markets компаниясының инвестиция жөніндегі бас стратегі Брайан Бельски жыл соңында мақсатын S&P 500 бойынша 5 100-ден 5 600-ге дейін көтерді. Бұл Уолл-стриттегі жаңа максимум. Алайда болжамы жақсара түскен Бельский және басқа да стратегтер кері шегінулер де болатынын ескертті. Бірақ жалпы курс оң бағыттан аумайды.

ЕОБ пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге дайын

Еуропалық орталық банктің бас экономисі Филип Лейн Financial Times-қа берген сұхбатында реттеуші 6 маусымдағы отырыста пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деп мәлімдеді. Еуроаймақтағы инфляция АҚШ-қа қарағанда жылдам төмендеуде. 2022 жылы оның ең жоғары нүктесі 10% болса, сәуір айында 2,4%-ға дейін түсті. Бұл үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш. «Егер әлдебір тосын жайттар болып қалмаса, қазір шектеулерді жеңілдетуге жеткілікті негіз бар екенін көріп отырмыз», – деді банк қызметкері.

Алайда соған қоса, Лейн ЕОБ инфляцияны одан әрі ауыздықтай тұру үшін мөлшерлемені күрт төмендетпеуі керек екенін айтады. Солай болған күннің өзінде, монетарлық саясатты жұмсарту қарқынын экономикалық деректер айқындамақ.

Филип Лейн сонымен қатар, егер ЕОБ ФРЖ-дан алшақтап, мөлшерлемені тезірек төмендетсе, бұл еуроның төмендеуіне және импорт бағасының өсуіне байланысты инфляцияны қамшылауы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан ЕОБ валюта бағамының кез-келген «маңызды» өзгерісін ескеріп отырады.

Жалпы алғанда, реттеуші шектеу саясатын 2025 жылға дейін сақтауы керек. Бұл қызмет көрсету секторында бағаның көтерілуіне әсер етіп жатқан Еуропадағы жалақының тез өсуіне де байланысты.

Естеріңізге сала кетейік, Швейцария, Швеция, Чехия және Венгрияның Орталық Банктері биыл пайыздық мөлшерлемелерді төмендеткен болатын.

Қытай чип өндірушілерді қолдау үшін 47,5 миллиард долларға ұлттық қор құруда

Қытай жартылай өткізгіштерді өндірушілерді қолдау үшін ел тарихындағы ең ірі инвестиция қорын құрды деп хабарлайды Bloomberg. Қор АҚШ санкциялар салып жатқан тұста, отандық чип индустриясын дамытуға арналған, оның көлемі – 47,5 млрд доллар.

Осы жаңалықтардың аясында дүйсенбіде Қытайдың ірі чип өндірушілерінің акциясы күрт қымбаттады. Semiconductor Manufacturing International – Қытайдағы ең ірі микросхема өндірушісінің акциясы Гонконгта бір күнде 8,1%-ға өсті. Одан гөрі кішірек компания Hua Hong Semiconductor 10%-ға көтерілді.

Сонымен бірге АҚШ пен ЕО жартылай өткізгіштердің жаңа буынын жасауға қазірдің өзінде 81 млрд долларға жуық қаржы бағыттап үлгерді. Бұл чип жасау саласындағы үстемдік үшін Қытаймен жаһандық күресті күшейте түсті. Джо Байден әкімшілігінің 2022 жылғы чип және ғылым туралы заңында чип өндірушілеріне 39 млрд доллар грант, сондай-ақ 75 млрд доллар несие мен кепілдік беру қарастырылған.

Бұл – қазірдің өзінде Қытайдағы жартылай өткізгіш өнеркәсібіне салынған инвестициялардың үшінші толқыны. Бірінші Big Fund I 2015 жылы құрылды және ол шамамен 100 миллиард юаньға қаржыландырылды. 2019 жылғы Екінші Big Fund II одан екі есе көп қаражат жинады. Капитал жаңа SMIC зауыттарын, Advanced Micro-Fabrication Equipment микросхема өндірушілерін және басқа да ауқымды жобаларды қаржыландыруға жұмсалды. Қазір Үкімет Big Fund lll-ті құру үстінде.

Чип өндірушілерінің желісі осы сектордағы қытайлық көшбасшы – Huawei компаниясының айналасында қалыптасады. Ол қазірдің өзінде озық чиптерді әзірлеу мен өндіруде бірқатар технологиялық жетістікке қол жеткізді.

Сонымен қатар Оңтүстік Корея үкіметі де өткен аптада елдің жартылай өткізгіш өнеркәсібін қолдауға арналған 19 млрд доллар бөлінетін мемлекеттік бағдарламасын жариялады.

Экономистер Үндістан экономикасының баяулауын күтуде

Reuters экономистерге Үндістан экономикасының дамуы туралы сауалнама жүргізіп, олардан 2024 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ-сін қалай бағалайтынын сұрады. Сауалнаманың 54 қатысушысы ЖІӨ өсімі 2023 жылдың IV тоқсанының қорытындысындағы 8,4%-дан кейін, жылдық мән бойынша 6,7%-ға дейін баяулауы мүмкін деп көрсеткен. Мұндай динамика өндіріс секторымен қатар қызмет көрсету саласының да бәсеңдеуіне байланысты.

Елдегі негізгі инфляция төмендеу үстінде, бұл ішкі сұраныстың әлсіздігінің белгісі. ЖІӨ-нің 60%-н құрайтын жеке тұтыну саласының әлсіз өсімі әрі қарай да жалғасуы мүмкін.

Экономистердің айтуынша, Үндістан экономикасының орташа өсу қарқыны алдағы жылдары 5-6% болады. Бұл «ақылға қонымды қарқын», – дейді Pantheon Macroeconomics-тің Азияның дамушы елдері бойынша бас экономисі Мигель Чанко. Алайда жастарды жұмыспен қамту үшін елдің ЖІӨ-нің өсімі 8% болуы қажет. Әзірге Үндістан үкіметінің осылай бағалауы шамадан артық сияқты.

Сондай-ақ оқыңыз