Nasdaq 100 индексімен салыстырғанда америкалық PDD Holdings қолхаттарының дисконты барлық сауда кезіндегі ең жоғары деңгейіне жетті. Наурыз айынан бастап қытайлық Temu маркетплейсіне иелік ететін компания қағазының құны биржада 45%-ға өсті. Алайда нарықпен салыстырғанда оның бағасы мен болашақ кірістің арақатынасы бойынша әлі де арзан. Бағаға Қытай мен АҚШ-тың арақатынасы, қытайлық онлайн-сауда саласындағы қатал бәсекеге алаңдап отырған инвесторлардың күдігі әсер етуде.
Толығырақ
АҚШ-тағы PDD қолхаттарының құны қазір келер жылы күткен пайдадан 13 есе жоғары боп тұр. Бұл АҚШ-тың Nasdaq 100 индексінің бағаланған құнының жартысы ғана, оның құрамына қағаздары осы биржада сатылатын ең ірі компаниялар кіреді деп хабарлады Bloomberg. Агенттік бұл АҚШ-тағы барлық сауда кезіндегі PDD қағаздарына жасалған ең үлкен жеңілдік деп отыр.
Сөйте тұра PDD жақсы нәтиже көрсетті. Компанияның кірісі 2024 жылдың бірінші тоқсанында екі еседен аса – 86,8 миллиард юаньға (12 млрд доллар) дейін өсті. Сатылымның өсу қарқыны бойынша PDD процессор мен видеокарта өндіретін Nvidia-дан кейінгі екінші орында деп атап өтті Bloomberg. PDD-ның таза кірісі үш еседен аса – шамамен 28 млрд юаньға дейін (3,88 млрд доллар) артты.
PDD қолхаттары төрт айды қоса алғанда, ең төмен бағаны көрсеткен наурыз айының басындағыдан қазір, шамамен, 45%-ға қымбаттады. PDD акцияларының құны наурыз айының басынан бері Nasdaq 100-ге қарағанда 10 есе өсті. Бірақ күткен пайда да артты – сол кезең бойынша шамамен 60%-ға деп атап өтті Bloomberg. 24 мамырдағы саудада PDD қағаздарының құны 157,57 долларға дейін дейін көтерілді – бұл 2021 жылғы наурыз айының соңынан бергі үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Мұндай жеңілдік жасауға не себеп болды?
Пайда мен қағаздардың өсімі жоғары болғанына қарамастан, дисконтқа геосаяси факторлар: АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байденнің де, Дональд Трамптың да Қытаймен өзара сауда соғысына қатысты қатаң мәлімдемелері себеп болды деп жазады Bloomberg. «Адамдарды сайлауға қатысты тәуекел мен PDD-ның ықтимал тарифтерге тап болуы алаңдатады. Соның салдарынан көпшілік Temu-ге нөлдік немесе тіпті теріс құн таңады», – деді Huatai Asset Management бас инвестициялық менеджерінің орынбасары Шуянь Фэн Bloomberg-ке. Одан бөлек, Temu АҚШ пен Еуроодақтағы реттеушілердің наразылығына тап болды. АҚШ-тағы Қытайдың технология компанияларының акциясына қытайлық ByteDance-тен оған тиесілі TikTok бейне қызметін бұғаттаумен қорқыту арқылы, сатуды талап етіп отырған заң да қысым жасауда деп санайды Bloomberg.
Инвесторларды алаңдатып отырған тағы бір себеп – Қытайдың онлайн-сауда нарығындағы қатаң бәсеке дейді Bloomberg. Екі ірі бәсекелес те көбірек сата бастады: бірінші тоқсанда Alibaba-ның (AliExpress-ке иелік етеді) бірінші тоқсандағы табысы өсіп, талдаушылардың болжамынан асып түсті, JD.com.-ның да сатылымы жылдам артып келеді.
PDD-ның кірісті өз акционерлерімен бөліспеуі де дисконт жасауға түрткі болуы мүмкін деп атап өтті Bloomberg. Мысалы, Alibaba және Tencent-пен салыстырғанда, PDD кері сатып алмайды және дивиденд төлемейді деп түсіндіреді агенттік.
Сарапшылар не дейді?
Goldman Sachs 24 мамырда PDD қолхаттарының рейтингін бейтараптықтан Buy-ға (сатып алуға кеңес беру) дейін көтерді. Банк сарапшылары PDD-ның табысы артып жатқаны мен оның жарнамалық технологиясын оң фактор деп атады. Негізгі жағымсыз факторлар – бәсекелестік пен геосаясат –қағаздардың бағасына көбірек әсер етуде деп жазды Bloomberg талдаушы Рональд Кенге сілтеме жасап.
Abrdn-ның инвестициялық директоры Син-Яо Эннің айтуынша, PDD құны негізінен ақпараттың толық әрі айқын ашылуына тұсау болып тұр. PDD және Temu нәтижелерін жекелей бағалау қиын. Ал бұл Temu үшін акцияға қатысты үлкен «геосаяси жеңілдіктің» маңызы зор деп түсіндіреді сарапшы.
Көптеген сарапшы PDD қолхаттарын сатып алуға кеңес береді. Олардың 39 Buy рейтингіне және сегіз Overweight (нарықтан жоғары) және тек бір Hold (ұстап отыруға кеңес беру) рейтингіне ие екенін FactSet көрсетті.