Жаңалықтар

Өзбекстанға жеткізілетін ресейлік газдың көлемі артады: QazaqGaz Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін жаңғыртпақ

QazaqGaz компаниясы Қазақстан газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға инвестиция салмақ /Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Зиперов Ахтам

QazaqGaz компаниясы Қазақстан газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға инвестиция салмақ. Бұл Ресейдің Өзбекстанға газ экспортын 11 млрд текше метрге дейін арттыруына ықпал етеді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан Ресей газын Өзбекстанға тасымалдаудан қомақты пайда табады.

Қазіргі кезде Ресейден Өзбекстанға Қазақстан арқылы жылына 3,8 млрд текше метр газ тасымалданады.

«Мұндай жоспар бар. Қазірдің өзінде Өзбекстанға 3,8 млрд текше метр ресейлік газ транзиті жоспарланған. Оны көбейту үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту жоспарланған. Qazaq Gaz компаниясы инвестиция салуға дайын», – деді Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау жобасы Қазақстан үшін қаржылық та, паритет тұрғысынан тиімді.

«Әдетте, қазақстандық тұтынушыларға қанша газ керек екенін алдын ала келісеміз», – деп қосты министр.

Ресей газы Өзбекстанға «Газпром» мен QazaqGaz арасында 2023 жылдың жазында жасалған екі жылдық келісімге сәйкес жеткізіліп жатыр. «Орталық Азия – Орталық газ» құбыры арқылы тасымал 2023 жылдың қазан айында басталды. Транзит жылына 3,8 млрд текше метрді құрайды.

QazaqGaz бен «Газпром» Ресей газын Өзбекстан мен Қазақстанға жеткізу жөніндегі қосымша келісімшартқа маусым айында қол қояды.

Енді компаниялар транзит көлемін біртіндеп жылына 11 миллиард текше метрге дейін жеткізу үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуды көздеп отыр. Бұл қазіргі деңгейден үш есе көп.

2023 жылы QazaqGaz компаниясы газды ішкі нарықта өз құнынан төмен сату арқылы 175 миллиард теңге шығынға ұшырады. Компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, бүгінде газ бағасына қатысты реформалар әзірленіп жатыр.