Әр өңірдегі нарықтық баға ескеріледі: Өнеркәсіп және құрылыс министрі зардап шеккен үйлердің бәріне бірдей өтемақы бекітілмейтінін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
зардап шеккен
Шарлапаев зардап шеккен баспаналарға өтемақы қалай есептелетінін айтты. Фото: коллаж kursiv.media (Аскар Ахметуллин және REUTERS/Turar Kazangapov)

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен баспаналарға өтемақы төлегенде, өңірдегі нарықтық баға ескерілетінін айтады. Министрдің сөзінше, су басқан өңірдің бәріне бір баға бекітілмейді.

Журналистер Қанат Шарлапаевтан су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарына қанша өтемақы төленетінін сұрады. Алайда министр сұраққа нақты жауап бермей, мемлекет зардап шеккен баспаналарды қалай бағалап жатқанын қайталады.

Шарлапаев зардап шеккендерге 100 АЕК төленгенін айтып өтті. Егер баспана бүлінген және жөндеуді қажет ететін болса, онда шығын бағаланып, өтемақы соның нәтижесіне қарай төленбек.

Сонымен қатар министр әр өңірдегі нарықтық баға ескерілетінін айтады. Өйткені Құлсары қаласын ғана емес, еліміздің 10 облысын су басқандықтан, әр өңірде қалпына келтірілуі тиіс елдімекендер бар.

«Петропавл, Ақтөбе, Орал, Қостанай облыстарының әрқайсысында екі мыңға жуық тұрғын үй құрылысын бастадық. Құрылысты жоспарлаған мерзімде аяқтаймыз», – деді Шарлапаев.

15 мамырда Құлсары қаласы тұрғындары су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шыққан болатын. Тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленсін және ақша қолға берілсін деп талап қойды.

Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов наразылық білдіргендермен кездесіп, зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірген. Әкім зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлетінетінін, заңмен бекітілген шектен асып кете алмайтындарын жеткізген.

Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі ірі бизнестің көмегімен шешілуі мүмкін екенін айтқан.

Бейбіт наразылыққа шыққан тұрғындар 7 күннен соң тарады. Жергілікті билік олардың үкімет ұсынған өтемақы көлемімен келіскенін хабарлады. Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі «Курсивке» тұрғындар шаршы метріне 240 мың теңгеден өтемақы алуға келіскенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз