Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығына кіретін 26 қайырымдылық мекеменің мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылды. Апелляциялық сот та бұл шешімді күшінде қалдырған.
«Уәкілетті орган тексерісінің қорытындысы бойынша Алматы қаласында қайырымдылықпен және білім беру саласындағы қызметпен айналысатын 26 мекеменің тек 11-і нақты жұмыс істеген, ал 15-і тіркелген жерінде жоқ екені анықталған», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Қауымдастыққа кіретін ұйымдар қатарында «Ана Аманаты» қыздар мектеп-интернаты, «АМАНАТ әлеуметтік балалар үй-интернаты», «Алмалы» әлеуметтік балалар үйі-интернаты, «Сауран-Ислам мәдени орталығы» және т.б. қайырымдылық ұйымдары бар.
Сот хабарлауынша, мекемелерде балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты, соның ішінде көші-қон, еңбек, жер, экология және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өрескел заң бұзушылықтар орын алған. Сондай-ақ, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, діни, қайырымдылық және қаржылық-шаруашылық қызмет салаларында бұзушылықтар анықталған.
Іс жүзінде мекемелердің жұмысы олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келеді. Оның үстіне, олардың кейбіреулері тиісті лицензиясыз білім беру қызметін атқарған. Сот балалардың тиісті білім, тәрбие және дер кезінде медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылғанын анықтаған.
«Қайырымдылық мекемелерінің діни көзқарасы расталып, ҚР Мұсылмандары Діни басқармасының «Жібек жолы» мекемесімен меморандумы біржақты тәртіпте тоқтатылған. Заң нормаларын бұзған аталған мекемелердің бірқатарына және олардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған (кәмелетке толмағанның өз-өзіне қол жұмсауы, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру, сотпен экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттерді табу)», – делінген сот хабарламасында.
2024 жылы наурызда қаржы министрі Мәди Такиев қайырымдылыққа ақша жинайтын азаматтарды ресми тіркеуден өткізу қажет екендігін айтқан.
Осыған дейін 660 мыңнан астам қазақстандық жалған көмек сұраушы краудфандингке 6 млрд теңге көлемінде көмек жолдағанын жазған едік.
Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банктік карта тартылған. Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық өз ақшаларын жолдаған. Жалпы жиналған қаржы сомасы 6 млрд теңгені құрады, оның 33% (2 млрд теңге) алаяқтық белгілері бар.