Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау фактісі бойынша Алматы қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Әбілбековтің ұсталғанын растады.
«Қылмыстық іс шеңберінде, 2024 жылғы 28 мамырда ҚПК-нің 128-бабына сәйкес Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Б. Әбілбеков ұсталды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Ақпаратқа сүйенсек, полицей 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысы Қарасай ауданы Кошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау орнында азаматтарды азаптауісі бойынша қамауға алынған.
Өзге ақпараттың ҚПК-нің 201-бабы негізінде жария болмайтынын хабарланды.
Айта кетейік, Әбілбеков Алматы қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары қызметіне 2019 жылы тағайындалған. Ал оның қашан жұмыстан шыққаны немесе шығарылғаны туралы нақты ақпарат жоқ.
25 сәуірде Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновты азаптау фактісі бойынша Алматы облысы Қарасай аудандық арнайы абақты мен полиция басқармасының басшылары қамауға алынған.
2023 жылы 25 мамырда Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап-арызынан бас тартқан.
2024 жылы 19 наурызда Алматының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау әдісін қолданған үш полиция қызметкеріне үкім шығарған. Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеді. Прокурорлар 2022 жылғы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасында жеткізілген 3 азаматқа қатысты кінәлі полицейлер азаптау қолданғанын дәлелдеді.