2030 жылдан бастап Қазақстан мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауы мүмкін
Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Оның сөзінше, биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 5,9 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,4%-ды құрады. Ал мұнай өнімдерін өндіру 4,28 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94% болған.
Мұнай өнімдерін экспортқа шығару жоспарланған
«2023 жылмен салыстырғанда жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай жақсарды», – деген министр алдағы жылдары мұнай өнімдерін өндіруді ұлғайту бойынша жоспарға тоқталды.
Оның ішінде:
- Ақтау битум зауыты 1-1,5 млн тоннаға дейін (2025 ж.)
- Шымкент мұнай өндеу зауыты 6-12 млн тоннаға дейін (2030 ж.);
- Атырау мұнай өндеу зауыты 5,5-6,7 млн тоннаға дейін (2027 ж.);
- Павлодар мұнай-химия зауытында өндірісті 5,5-8 млн тоннаға дейін (2030 ж.) арттыру бар.
«Осы жобаларды іске асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарының өсіп келе жатқан қажеттілігін 100% пайыз қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», – деді Сәтқалиев.
Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру 2 есе өскен
Энергетика министрінің айтуынша, 2024 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Осылайша, жалпы көрсеткіш 213,1 мың тоннаны құрады.
Сонымен қатар министрлік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту жөнінде бірқатар шаралар қабылдауда.
«Бұл жыл соңына дейін 628,3 мың тонна мұнай-газ-химия өнімін шығаруды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75%-ға өндірісті арттыруды қамтамасыз етеді», – деген ведомство басшысы атом энергетикасына тоқталды.
Қазақстан Қытай атом электр станциялары үшін 76 жылу бөлетін отын жинағын жеткізді
Айта кететіні, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамына кіретін «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ энергетикалық реакторлар үшін уран оксиді ұнтақтары мен отын таблеткаларын өндіру бойынша қызметтер көрсетеді. Сондай-ақ құрамында уран бар күрделі материалдарды қайта өңдейді.
Сәтқалиевтің айтуынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша уран өндірісі 79 тоннаны (2023 жылдың 1 тоқсанында– 45,1 тонна), оның ішінде таблетка түрінде – 76 тоннаны (2023 жылдың 1 тоқсанында – 31,2 тонна), уран диоксиді ұнтағы түрінде – 3 тоннаны (2023 жылдың 1 тоқсанында – 13,9 тонна) құрады.
«2021 жылдан бастап «Үлбі-ТВС» ЖШС зауыты қытайлық АЭС үшін жылу бөлетін отын жинақтарын (ОЖ) өндіру бойынша өндірістік қызметін бастады. 2024 жылдың бірінші тоқсанында ҚХР-дағы АЭС-ке 76 ОЖ жөнелтілді», – деді министр.
«Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстанның уран мен оның қосындыларын, сирек металдарды, атом электр станцияларына арналған ядролық отынды және арнайы техниканы экспорттау жөніндегі ұлттық операторы. Мажоритарлық акционері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры».
Еске сала кетсек, Қазақстанда мұнай экспорты өсті. Оның көлемі 70,5 миллион тоннаны құрады. Былтыр Қазақстанның «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытындағы мұнай экспорты 20 есеге жуық ұлғайды.