Жаңалықтар

Қазақстанда АЭС салынса электр энергиясы тарифі төмендей ме?

АЭС-тен алынатын электр энергиясының тарифі қандай? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Бұл туралы «Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту перспективалары» форумы барысында Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин айтты.

«Тәжірибе көрсеткендей АЭС-тен алынатын электр энергиясының тарифі арзандайды. Әрине, гранттық қаржыландыруды алатын болсақ, оны алғашқы жылдары тариф арқылы өтеуге тура келеді. Бірақ Бірыңғай сатып алушы моделі аясында бұл байқалмайды. Сонымен қатар, біз жүктеме артқан уақытта электр қуатының тапшылығын көрмейміз. Қазақстан Ресейден келетін электр энергиясына тәуелді болмайды», – деді Ғұмар Серғазин.

Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы шешім жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылдануы тиіс. Энергетика министрлігі ақпаратынша, арнайы сауалнамаға қатысқан респонденттердің 50%-дан астамы АЭС құрылысын қолдайды.

Ал «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін алға тартады. Оның айтуынша, елде станса салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

Бұған дейін Ибраев Қытай АЭС-ті екі есе арзанға салып бере алатынын, бірақ оның ұсынысы өтпегенін айтқан. Шығыстағы көрші АЭС-ті ел үкіметі қарастырып отырған 6 млрд доллардан екі есе арзан: 1,2 ГВт бір блокты 2,3 миллиард долларға салып беруі мүмкін еді.