Жаңалықтар

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» KASE-де жалпы құны 25 млрд теңгеге жай акциялар орналастырады

Өнеркәсіпті дамыту қоры
Өнеркәсіпті дамыту қоры былтыр 20 млрд теңгеге қосымша акция орналастырған / коллаж kursiv.media (idfrk.kz и shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

Өнеркәсіпті дамыту қоры 25 млрд теңгеге қосымша акция орналастырады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында жарияланған құжатта жазылған.

Құжатқа сәйкес, АҚ Директорлар кеңесі  12,5 мың жай акцияны орналастыру туралы шешім қабылдаған.

Биржадағы ақпаратқа сүйенсек, бір акцияның бағасы 2 млн теңге болмақ.

«Қоғамның жалғыз акционері акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру жолымен бір акция үшін 2 млн теңге болатын 12,5 мың жай акция орналастырылсын», – деп жазылған.

Бұған қатысты шешім 2024 жылдың 20 мамырында қабылданды. Алайда шешім тек 28 мамыр жарияланды.

«Шешім қаржылық-экономикалық негіздеме бекітілген күннен бастап күшіне енеді. Қазақстанда жасалған ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, лизинг бойынша автокөліктер мен арнайы мақсаттағы көліктерді сатып алатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді лизингтік қаржыландыру үшін ӨДҚ жарғылық капиталын ұлғайту жоспарланған», – деп жазылған құжатта.

Қосымша эмиссия – (Follow-On Public Offering) компания акцияларының қосымша санын шығару. Қосымша акциялар нарықта сауда жасау үшін немесе белгілі бір инвесторлардың пайдасына шығарылуы мүмкін.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг» АҚ  негізінде құрылған.

Ол «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметі қаражат, оның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша серпінді өңдеуші кәсіпорындарға қолжетімді кредит беруді қамтамасыз етуге бағытталған. 

Аталмыш қор 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасының операторы болды. Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталған еді. Алайда қазіргі кезде автонесие қаражаты қоғамдық көлік алуға жұмсалып жатыр.

Ақпан айында қор өз акционерінен 11,1 млрд теңге қосымша қаржы тартты.  Қор 5500 акциясын шығарып, әр акциясының құны – 2 млн теңге болды.

KASE-дегі хабарламаға сәйкес, олардың бәрін жалғыз акционер – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) сатып алған.