Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі жобаларына 1,6 трлн теңге қарастырылған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Өңдеу өнеркәсібі
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі жобаларына 1,6 трлн теңге қарастырылған / Фото: shutterstock

Бұл туралы Үкіметін отырысында баяндама жасаған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Карагойшин мәлім етті.

Спикердің сөзіне сүйенсек, холдинг және оның еншілес ұйымдары өңдеу өнеркәсібі жобаларына қомақты қаржы құйған.

Атап айтқанда, «ҚДБ» АҚ, «ӨДҚ» АҚ, «QIC» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі (KazakhExport)» АҚ бүгінде 1,6 трлн теңге сомасына 4,6 мың жобаны қаржыландырды.

Мәселен:

  • Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) 62 жобаны іске асыруға 824,6 млрд теңге бөлді.
  • Өнеркәсіпті дамыту қоры (ӨДҚ) жалпы сомасы 204,9 млрд теңгеге 41 лизингтік мәмілені қаржыландырды.
  • QIC, тікелей инвестициялар қоры 20 млрд теңге бөліп, 7 жобаға қолдау көрсетті.
  • Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдары арқылы 465,8 млрд теңге бөліп, 122 экспорттаушыға қолдау көрсетті.
  • Даму кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 751 млрд теңге сомасына 5,6 мың жобаға қолдау көрсетті.

Осылайша 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпте қолдау көрсетілген кәсіпорындар 3,9 трлн теңге сомаға өнім сатқан. Бұл өңдеу өнеркәсібінің өндірілген өнімдерінің жалпы көлемінің 18%-ын құрайды. Қолдау тапқан кәсіпорындардың шикізаттық емес экспортқа қосқан үлесі 12%-ды құрады.

Еске сала кетсек, «Бәйтерек» холдингі І тоқсанда 121 млрд теңге таза пайда тапқан.

Бұған дейін холдинг фермерлердің көктемгі егіс және күзгі жиын-терімін 100 млрд теңгеге қаржыландыратынын хабарлаған.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды. Оның жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. 

Сондай-ақ оқыңыз