Жаңаөзенде салынатын гибридті электр станция құрылысына 306 млн доллар бөлінеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Гибридті электр станция
Гибридті электр станцияның алдын-ала құны – 306 млн АҚШ доллары / Фото: kursiv.media, бильдредакторЗиперов Ахтам

Жыл басында «ҚазМұнайГаз» және итальяндық Eni S.p.A компаниясы Жаңаөзен қаласында гибридті электр станция салу жобасын іске асыру туралы бірлескен шешімге қол қойды.

Жоба аясында салынатын нысандар:

  • жел электр станциясы (77 МВт);
  • күн электр станциясы (50 МВт);
  • газ электр станциясы (120 МВт).

Аталған жобаның мақсаты – өңірдегі ҚМГ-ның өндірістік нысандарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету.

«Мұндай гибридті жоба Қазақстанда алғаш жүзеге асырылатын болады. Жобаның алдын-ала құны – 306 млн АҚШ доллары. Жоба толық қуатына 2025 жылдың соңында шығады деп жоспарланған. Құрылыс кезінде жұмысқа 800 адам, ал пайдалану кезінде 80 адамға дейін тартылады. Жоба ҚМГ мен Eni компанияларының бизнесті әртараптандыру және қызметті декарбонизациялау мақсаттарына сай», – деп жазылған ҚМГ есебінде.

Бұған дейін ҚМГ және Eni басшылары Каспий теңізіндегі Абай учаскесінде алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылауға дайындық және тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға басымдық бере отырып, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын дамытудың келесі кезеңдерін іске асыру мәселелеріне талқылаған.

Еске сала кетсек, Сауд Арабиясы Жетісу облысында 1,8 млрд долларға жел электр станциясын салатынын хабарлады.

Былтыр шетелдік компаниялар Қазақстанда құны 4,5 млрд доллардан асатын 3 жел электр станциясын салатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз