Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын 370 млрд теңгеге жуық қаражат керек – Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жарияланды
водохранилища
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Фото: gov.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 350-370 млрд теңге қаражат керек. Бұл жайлы Аграрлық мәселелер комитетінің отырысында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов айтты.

Министрдің айтуынша, соңғы 30 жылда республика аумағында небәрі 5 су шаруашылығы құрылыстары салынған. Оның ішінде тек екеуі ғана маңызды ірі жоба саналады. Оның бірі – Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегіші болса, екіншісі – Астана қаласының қорғаныс бөгеті.

«Көріп отырғанымыздай, су шаруашылығы құрылыстарын салу және қайта құру «қалдық қағидаты» бойынша қаржыландырылып, назардан тыс қалған. Тұтастай алғанда, елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және біздің есептеріміз бойынша қолда бар объектілерді тиісті күтіп ұстау үшін қаржы ресурстарына жыл сайынғы қажеттілік шамамен 350-370 млрд теңгені құрайды», – деді вице-министр.

Ибрайханов әбден тозығы жеткен су шаруашылығы объектілерін салуға және реконструкциялауға халықаралық ұйымдардың есебінен 111 млрд теңгеге 153 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Сондай жобаның бірі – Түркістан облысындағы «Бәйдібек ата» су қоймасы. Жобаға шамамен 15,9 млрд теңге қаражат кетеді. Осы жылы су қоймасын салуға республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінген.  

Сонымен бірге министрлік әрбір облыстың әкімдігімен 2030 жылға дейін су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын реконструкциялау бойынша кешенді жоспар әзірлеген. Оған сәйкес, 57 жаңа су қоймасын салу, 133 гидротехникалық құрылыс пен ұзындығы 7,7 мың км астам ирригациялық жүйелерді жаңарту көзделген. Бұған қоса ұзындығы 1200 км топтық су құбырлары қайта жаңартылып, 3628 тік дренажды ұңғымалар бұрғыланады.

Аталған 57 жаңа су қоймасының 20-сын министрлік салса, 37-сі жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынбақ.

«Осылайша, облыс әкімдіктері бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде су қоймаларын салу жөніндегі бірінші кезектегі жобаларды тиісті қаржыландыруды қажет етеді. Бұдан басқа, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктері тік дренаж ұңғымаларын реконструкциялау бойынша ТЭН мен ЖСҚ әзірлеуді жеделдету қажет. Осы жобаларды халықаралық қарыздар мен республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен одан әрі қаржыландыруды жоспарлап отырмыз»,- дейді министрлік өкілі.

Ислам даму банкінен 2 млрд доллар көлемінде қарыз алады

Сонымен бірге Ерболат Ибрайханов осы жылдың сәуір айының соңында Эр-Рияд қаласында 2 млрд АҚШ доллар сомасына су шаруашылығы объектілері құрылысын қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларға қарыз бөлу туралы Ислам даму банкімен келіссөздер жүргізілгенін айтты.

Нәтижесінде су объектілерін кезең-кезеңмен қаржыландыру жоспары жарияланған.Бұл жоспарға сәйкес, қаржыландыру екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ.

Бірінші кезеңде 426,7 млрд теңге немесе 951,1 млн АҚШ доллары сомасына алдын ала 10 объектіні салу және реконструкциялау көзделіп отыр.

Екінші кезеңде жалпы сомасы 540,2 млрд теңге немесе 1,2 млн АҚШ доллары болатын 26 нысанды алдын ала іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, қолданыстағы 14 су қоймасын реконструкциялауға 29,1 млрд теңгені бағыттау көзделуде.

«Жалпы жобалардың бірінші және екінші кезеңін іске асыруға 2024-2027 жылдары 994 млрд теңге немесе 2,2 млрд доллар жұмсалады. Оның ішінде Ислам Даму Банкінің қарызы есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстарына 967 млрд теңге және республикалық бюджет қаражаты есебінен ЖСҚ және ТЭН әзірлеуге 27 млрд теңге қажет болады»,- деді Ибрайханов.

Министрлік өкілі сонымен бірге осы жылы оңтүстік өңірлерде су жеткілікті болатынын, Өзбекстан мен Қырғызстанның су бассейндерінде суаруға қажетті су қорының жиналғанын айтты.

Айтуынша Сырдария және Амудария өзендерінің бассейндері бойынша 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған су қоймалары каскадтарының лимиттері мен болжамды жұмыс режимі бекітілген. Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының жұмыс кестесіне сәйкес 2024 жылдың вегетациялық кезеңінде Шардара су қоймасына ағын шамамен 3 692 млн ьекше метрді құрауы тиіс, ал «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 922 млн ьекше метр көлемінде белгіленген.

«Шардара су қоймасы мен Көксарай контррегуляторындағы жинақталған суды ескере отырып, қабылданған көлемдер Түркістан және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің вегетациялық кезеңде суармалы суға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс»,- деді министрлік өкілі.

Еске сала кетсек, жыл басында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров суару маусымында Қазақстан мен Өзбекстанға қанша су қажет болса, сонша су беретінін мәлімдеді.

«Егер қыста су қорын жинасақ, ол көршілерімізге де молынан жетер еді. Қыста ағып жатқан ағынды суды кейіннен дау тумас үшін тиімді пайдалануға тырысамыз. Көршілерімізге қанша су қажет болса, сонша береміз»,– деді Садыр Жапаров.

Сондай-ақ оқыңыз