Қазақстан мен Қытай шекарасында жүк тасымалдайтын үшінші теміржол бекеті ашылады

Жарияланды
теміржол
Халықаралық теміржол бекеті арқылы Бақты – Покиту бағытында пойыздар қатынайды / Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Қытай шекарасында халықаралық жүк тасымалдайтын үшінші теміржол бекеті ашылады. Бұл жайлы Көлік министрлігінің сайтында жарияланған қаулыда жазылған.

«Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 6 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері және олардың жұмыс режимі туралы келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын»,- делінген құжатта.

Атап айтқанда құжатта халықаралық жүктің Бақты – Абай облысы, Үржар ауданы; Покиту – Тачэн округі, Тачэн қаласы арқылы өтетіні жазылған.

Құжат түсіндірмесінде бұл жобаны қабылдау екі ел арасындағы трансшекаралық теміржол тасымалдарының тиімділігін арттыруға және екі елдің транзиттік-көліктік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретіні жазылған.

Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау жөніндегі қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүктерді транзиттік тасымалдауды ұлғайту мақсатында әзірленген.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың желтоқсанында «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Оның ұзындығы 272 шақырымды құрайды. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады.

Ал 2023 жылдың қарашасында Алматыны айналып өтетін «Жетіген- Қазыбек» темір жол желісінің құрылысы басталды. Аталған транзиттік дәлізде Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы-2 бағыттары бойынша пойыздардың қозғалысы қамтамасыз етіледі. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есе қысқартады.

Сондай-ақ оқыңыз