Әділет министрлігі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде әзірлеу тәжірибесін енгізбекші. Бұл жайлы 27 мамыр күні Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырыснда Әділет министрі Азамат Есқараев айтты.
«Мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі туралы» баяндама оқыған министр қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық негізде бекіту мүмкіндіктері пысықталып жатқанын айтты.
Ол тіл мәселесін дамыту үшін екі бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру маңызды деп санайды.
Бірінші бағыт – терминология мәселесін шешу. Заңнамалық актілердің мәтініне қойылатын талаптардың бірі – терминдердің бірізділігі. Есқараев Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатқа ие екенін, сондықтан, іс жүзінде, Комиссия мақұлдағаннан кейін де, заңгерлер мен филологтар арасында бір терминді әртүрлі етіп аудару төңірегінде пікірталастар жиі туындайтынын айтады. Сондықтан да қазақша терминологиялық сөздіктерге ресми мәртебе беру және оларды нормашығару процесінде қолданудың міндеттілігін енгізу қажет деп санайды.
Ал екінші бағыт – тиісті ұйымдастырушылық шараларды қабылдау. Осы мақсатта министрлік заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша мамандардан заңгерлерден және ғалымдардан құралған пул тізімін қалыптастырылған. Болашақта сол мамандарды заң жобаларын әзірлеу процесіне тарту көзделіп отыр.
«Қазақ тілі заң жазуға, нормативтік құжаттарды түзеуге «икемсіз» деген түсініктен арылып, мемлекеттік тілдің мол мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Алдағы уақытта бұл мәселеде жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін»,- деді министр.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын «Курсив» Әділет министрлігінің заңдарды орыс тілінде жазу тәжірибесінен бас тартып, қазақ тілінде жазуға көшуді жоспарлап отырғаны туралы жазған болатын. Сол мақсатта министрлік заң жобаларының мәтіндерін азаматтарға түсінікті және қолжетімді ету үшін оларды әзірлеудің бірыңғай тілдік ережелерін әзірлемекші. Министрлік әзірлеген құжат түсіндірмесінде заңдар тілінің күрделілігі және оны құқық қолдану субъектілері түсінбеуі, қазақша НҚА мәтіндерінің орыс тілімен әртүрлі оқылу мәселесі де қиындық тудыратыны жазылған.
сондай-ақ министрлік мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді білу деңгейі төмен екенін, сондықтан мемлекеттік органдарға НҚА жобасын орыс тілінде дайындау, содан кейін оны қазақ тіліне аударуды қамтамасыз ету оңай екенін мойындаған.
Осы орайда ведомство қазақ тілді заң терминологиясына мәртебе беру туралы шешім ұсынып отыр. Яғни НҚА жобаларын дайындау кезінде ресми бекітілген қазақ заң терминологиялық сөздіктері мен әдістемелік ұсынымдарды пайдалану бойынша әзірлеуші органдарға қойылатын талаптарды нормативтік белгілеуді көздейді.