Жаңалықтар

Ұлыбританияда алғаш рет Мұсылман фильмдері кинофестивалі өтеді

Мұсылман фильмдері кинофестивалі 30 мамырда басталады / instagram.com/muslimfilmfest, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ұлыбританияда жаңа Мұсылман фильмдері кинофестивалі ұйымдастырылып отыр. Іс-шара мамырдың 30 басталып 2 маусымға дейін жалғасады. 

Фестиваль директоры Саджид Варданың айтуынша, фестивальде «өмірімізде жиі қайталанса да, байқай бермейтін оқиғалар» назарға ұсынылмақ.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде мұсылмандарға қара күйе жағатын ақпарат толып жүр. Батыста ислам әлемінің өкілдеріне жақтырмай қарайды. Сондықтан  осы фестиваль арқылы дұрыс “мұсылман» мен «ислам» түсінігін қайтаруды көздеп отырмыз”, – дейді Саджид Варда. 

Фестивальде «Оскар» иегері Риза Ахмед пен Набхан Ризван түскен фильмдер де көрсетіледі. Ашылу  салтанатында Касабланкада түсірілген «Иттер» фильмінің премьерасын өткізу жоспарланған. Туынды режиссері Камаля Лазрака – бірқатар марапаттың, соның ішінде Канн жүлдесінің иегері.  Сонымен қатар Наккаш Халидтің «Камерада»  фильмі қатысады. Онда Набхан Ризван жас актер рөлін сомдайды. Ал фрнацуз-алжир режиссері  Янн Деманждың «Дамми» кинокартинасы асыға күткен туындылардың бірі болып тұр. Жас баланың әкесімен қайта қауышуы үшін Парижге келу оқиғасы көрерменнің қызығушылығын туғызған. 

Осы ретте «Даммидегі» басты рөлді сомдайтын Риза Ахмед «Оскардың» «Ең үздік ерлер рөлі» жүлдесіне үміткер болған алғашқы мұсылман актер екенін айта кеткен жөн. Актер 2022 жылы «Ұзақ қоштасу» қысқаметражды фильмі үшін «Оскар» жеңіп алды. Әлем мұсылмандардың сүйікті актеріне айналғаны сонша тіпті екі тұрақты көрермені Риза Ахмедке  арнап  «Риз тесті» деген сауалнама ойлап тапқан. Онда көрермендер фильмдегі мұсылман рөлін сомдаған актерлерге баға береді. 

Саджид Варда фильмдер мен телевизияда мұсылмандарды  біртекті, үйреншікті шеңберден шықпай суреттейтінін алға тартады.

«11 қыркүйектегі оқиғадан соң әлем қатты өзгерді. Мұсылмандар “террорист» сөзінің синониміне айналып кетті. Мұсылман сөзін естігенде ойымызға сол келеді. Бұл теріс пікір қоғамға да елеулі әсер етеді”, – дейді фестиваль директоры. 

Саджид Варда UK Musulman Film қайырымдылық қорының негізін қалаған. Қор өз деңгейінде таныла алмаған таланттарды қорғаумен айналысады. Ұйымды ашуға да ислам әлемінің өкілдеріне жансақ қарап, талантын бағаламау себеп болған.

«Фестивальдің де мақсаты – осындай оқиғаларға назар аудартып, енді бастап жатқан киноматографистерге көмектесу. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан жақсы оқиғаларды ұсыну, негізгі аудиторияға дініміздің мәдениеті мен сенімімізді көрсету. Бізді бөлгеннен біріктіретін дүние көп екенін жеткізу», – дейді ол. 

Фестивальде  «Муна»  картинасын ұсынатын режиссер Варда Мохамед Ұлыбританияда әр алуандық тек сөзде емес, тұтынатын контентте де болуы керегін ортаға салады.

«Таптаурынды бұзып, мұсылман әлеміндегі дұрыс нормаларды көрсететін фильмдер көпшілікке қолжетімді болуы керек», – дейді ол.

Режиссердің «Муна» фильмі Британияда туған сомалилік жеткіншек қыз туралы.

«Қысқаметражды фильміммен мақтанамын. Оны жасап шығаруыма көп уақыт жұмсадым. Бірақ өте жақсы тәжірибе болды. Ислам фильмдерінің жарқын болашағына сенемін», – деп пікірін білдірді.

Одан бөлек қазіргі жағдай жақсы жаққа өзгеріп жатқанын да қоса айтты.

«Кино әлемінде бір нәрсе істеу мүмкіндігін пайдаланғысы келетіндер тобы бар. Мұсылман таланттарының жаңа дәуірін қалыптастырамыз деп ойлаймын. Оған қажет нарық бар», – деп түйіндеді. 

Фестивальде көрсетілетін фильмдер қатарында Цюрих кинофестивалінде марапатқа ие болған «Сенімсіздік жарасы» фильмі, британ-пәкістан режиссері Мойн Хусейннің «Аспан маржандары» ғылыми-фантастикалық картинасы бар. Мақсаты жоқ, бәрінен ажырап қалған жалғыз жігіттің оқиғасын баяндайтын фильмде көпшіліктің көп көңіл бөлмейтін мәселесі қозғалады. Басты рөлді сомдаған Фараз Аюб фестиваль арқылы қоғамның барлық бөлігінен талант шығаруға мүмкіндік барын айтады.

«Мәселе мұсылман фильмдері кинофестивалін өткізу қажеттілігімен шектелмейді. Халықаралық фестиваль нарық сұранысы болған соң ұйымдастырылып отыр. Киноман ретінде бақылау маған да өте қызық. Түптеп келгенде бастан кешкен оқиға, қисса айтып беру – ислам мәдениетінің ажырамас бөлігі», – деді актер.