Интернет кеңістігінде Алматы қаласы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Қанат Таймерденовтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ Бас прокуратура оның жалған екенін хабарлады.
«Алматы қаласы полиция департаментінің экс-басшысы Таймерденовтің ұсталғаны туралы түрлі телеграм-каналдарда тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Осыған орай Бас прокуратура көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, барлық азаматтар мен БАҚ өкілдерін ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады», – делінген орган сайтында.
Есесіне Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбековтің ұсталғанын Бас прокуратура бүгін растады. Әбілбеков 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау орнында азаматтарды азаптау ісі бойынша қамауға алынған.
Биыл Алматының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау әдісін қолданған үш полиция қызметкеріне үкім шығарды. Прокурорлар 2022 жылғы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасында жеткізілген 3 азаматқа қатысты кінәлі полицейлер азаптау қолданғанын дәлелдеді.