Жаңалықтар

Утильалымға қарсы көп дауыс жинаған петицияны Үкімет ескере ме – Шарлапаев жауап берді

утильалым
Шарлапаев утильалым отандық машина жөндеу саласын дамытуға қажет екенін айтты / Фото: Аскар Ахметуллин

Утильалымға қарсы петицияны Үкімет ескере ме? Бұл сұрақққа Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап берді.

Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте журналистер министрден утильалым мәселесін сұрады. Утильалымға қарсы петицияны қолдағандар санының 50 мыңнан асып кеткенін айтқан журналистер қоғамда бұл алым түріне қатысты наразылық көбейгенін жеткізді.

«Үкімет осыдан біраз уақыт бұрын киік атуға рұқсат берді. Артынша, Тоқаев ақбөкендерді атуға тыйым салды. Қазіргі уақытта утильалымға қатысты қоғамда наразылық көбейген. Ертең президент халық пікірін ескеріп, алып тастау туралы шешім шығарса, сіз мемлекет басшысының бұл шешіміне қарсы шығасыз ба?», – деп сұрады журналист.

Министр Шарлапаев Президент шешіміне қарсы келмейтінін атап өтті. Ол бұл мәселеде екі тараптың да пікірі ескерілуі керек деп санайды. Айтуынша, дәл солайша утильалымды, автоөндіріс саласын қолдауға бағытталған петиция жарияланған.

«Бұл – өте жақсы сұрақ. Әрине, президентке мен қарсы шықпаймын. Халық наразылығы үлкен деп айтып жатсыз ғой. Біз оны жақсы түсінеміз. Бірақ басқа қоғам өкілдерінің де пікірін тыңдау керек. Қазіргі таңда өнеркәсіпті қорғауға, сақтауға үндейтін петиция жарияланды. Оны 10 мыңнан астам адам қолдаған. Олардың пікірімен не істейміз? Ескермейміз бе?Елімізде петиция механизмі арқылы демократияның нақты белгілері көрініп жатыр. Ол – дұрыс. Бірі автоқоғамды қолдап жатса, бірі қарсы. Осы пікірлердің екеуі де тең болса, қандай шешім шығару керек?», – деді Шарлапаев.

Министр утильалым арқылы жаңа ашылған индустрияға қолдау көрсетілетінін, мұның отандық өнімді қорғауға бағытталған шара екенін айтты. Осы орайда журналист утильалымнан нақты қандай өндіріс саласына қолдау көрсетіліп жатқанын, елде не өндірілетінін сұрады.

«Елімізде, қазіргі таңда машинау жасау индустриясы енді дамып жатыр. Бүгінгі күні автомобильге арналған орындықтарды, автомобильге арналған дөңгелектер мен шиналарды, автокөлікке арналған пластиктерді шығарамыз. Одан ары қарай үлкен пластикалық өнімдерді құюға көшеміз. Өйткені үлкен заттарды сырттан тасу өте тиімсіз. Ондай заттар көп орын алады әрі жеткізу де қиын»,– деді министр.

Шарлапаев елде машина жасау саласының енді дамып келе жатқанын, сол себепті Қазақстанда ештеңе өндірілмейді деген көзқарас мүлде дұрыс емес екенін айтты. Өндіріске қаражат салынуы керек екенін, бұл сала қолдауды талап ететінін айтты.

«Өнеркәсіпті дамытуға ақша салу керек және мемлекет бұл идеяны қолдайды. Егер қолдау көрсетпсек, экономикалық дамуда біз артта қалып қоямыз. Мен мұны қаламаймын», – деді Шарлапаев.

Еске сала кетсек, E-Petition.kz ресми порталында жарияланған қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Оның 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатыны жазылған.

Бұл петицияға қатысты Қанат Шарлапаев қазақстандық кәдеге жарату зауыттарының мүддесін де ескеруге тиіс екенін айтты. «Кәсіпорындардың мүддесін қорғау – менің тікелей міндетім. Лоббизм жасады деу орынсыз. Қазақстан өнеркәсібінің дамуына жағдай жасауымыз керек», – деген болатын министр.