Криптовалюта: halving деген не және ол биткоин бағасына қалай әсер етеді?
Биыл 20 сәуірде биткон халвиңі (халвинг) өтті. Бұл — криптовалюта әлеміндегі айтулы оқиға. 23 мамыр күнгі дерек бойынша криптовалюта нарығының капитализациясы 2,73 триллион доллар болып отыр. Ал соның ішінде биткоиндыкі — 1,37 триллион доллар. Бұл дегеніңіз нарықтың жартысына жуық дегенді білдіреді. Ал капитализация бойынша екінші орында Ethereum тұр. Оның үлесі — 454,08 миллиард доллар. Үшінші орында тұрған Tether-дің үлесі 111,68 миллиард доллар ғана. Осыған қарап-ақ, биткоиннің салмағын бағамдай беріңіз. Олай болса, халвиң деген не? Соған тоқталайық.
Халвиң
Халвиң (halving) дегеніміз — майнерлерге биткоинның блокчейн желісіндегі операцияларды орындағаны үшін берілетін сыйақыны қысқарту. Ол әр төрт жылда бір өткізіліп тұрады. 2024 жылғы халвиңге дейін блокчейндегі деректер блогындағы теңдеуді шешкенге берілетін сыйақы 6,25 биткоин болған еді. Ал халвиң өткен соң шамамен екі еседей қысқарып, 3,125 биткоин болды.
Биткоинды шығарған адамның лақап аты — Сатоши Накамото. Ол жаңа тиындарды шығаратын процесті оған қатысты операцияларды өңдеу мен растаумен байланыстырып қойған. Күрделі есеппен айналысатын компьютерлері бар майнерлер жаңа биткоиндар шығарады. Ал олардың есептері жария тізім — блокчейнде транзакцияларды растайды. Сөйтіп сол транзакциялар блоктарға бөлініп жинақталады да, майнерлер бір-бірімен кім транзакциялардың жаңа блогын аяқтап, блокчейнге қосады деп жарысады. Транзакциялар блогын майнер нақты растаған кезде оған қайта шығарылған биткоин беріледі. Яғни сол блок үшін оған сыйақы (ағылшынша block reward) беріледі деген сөз.
Блокчейн
Блокчейн деген — бұл әртүрлі тізбек қатысушылары арасындағы ақпаратты сақтайтын орталықтандырылмаған жүйе. Мұнда блокчейн ешкімнің иелігінде болмайды, оған қалаған адам қосыла алатындай қылып жасалған. Блокчейн реестрінде барлық операция мен актив иеліктері туралы ақпарат сақталады. Былайша айтқанда, кез келген желі қатысушысына көрініп тұратын виртуал қойындәптер десек болады.
Ол қалай жұмыс істейді?
Транзакциялар блоктары жиналып, желі қатысушылары яки олардың бағдарламалық жасақтамалары оларды верификациялап, жалпы тізімге қосады. Әр блокта хеш болады. Хеш дегеніміз — барлық транзакциялар туралы резюме. Ол блоктарды бір тізбекке жалғайды. Блокчейндегі барлық ақпарат орталықтандырылмағандықтан ол әлемнің әр жеріне шашылған әр түрлі компьютерде сақталады. Мұнысы блокчейнді басқа ақпарат сақтайтын жүйелерден ерекшелеп тұрады. Басқаларында деректер аз ғана орынға дубль жасалады. Ол болса, деректердің өшіп кету не басқалардың қолды қылу қаупін тудырады. Әдетте блокчейнде қатысушы өте көп болады. Мысалы биткоин блокчейнінде шамамен миллионға жуық. Ал енді ол жерге жалған ақпарат салу үшін не бірдеңені өшіру үшін желідегі барлық компьютерде істеп шығу керек. Бұл тіпті мүмкін емес десек болады.
Жалпы алғанда майнерлерді блокчейн желісінің не блокчейндегі ұжымдық Орталық банктің есепшісі дей аламыз. Олард ақпараттың ашықтығы мен растығына кепіл болады. Басқа майнерлерге көрсетпей ақпаратты бұрып жіберу мүмкін емес. Өйткені айтқандай, бір өзгеріс енгіщу үшін барлық блокчейндегі операциялар тізбегін қайта жасап шығу қажет. Барлық транзакцияларды майнерлер өңдейді. Егер олай істемесе, биткоиннің жаңа транзакциялары да жасалмас еді.
Айтқандай, халвиң төрт жылда бір жасалып тұрады. Ең алғаш рет 2012 жылы өтті. Одан кейін сәйкесінше 2016 және 2020 жылдары өткен. Төртіншісі биыл болды. Қай күні өтетіні ешқашан алдын-ала белгілі болмайды. Мысалы 2024 жылдың ақпанында халвиң шамамен 13 сәуірде өтеді деп ойлаған ек. Бірақ кейіннен процесс ұзарып, ақыры 20 сәуірде өтті.
Халвиң әрбір 210 мың блок табылған соң болады. Желідегі есептердің күрделілігі бірде түсіп, бірде көтеріліп тұрады. Ол әрбір 2016 блок сайын өзгереді. Яғни шамамен екі аптада бір өзгеріп тұрады деген сөз. Бір блоктың уақыты бірдей, яки 10 минуттай болуы үшін осылай есептеледі. Егер майнерлердің саны көбейіп кетсе, онда күрделі бола түседі. Себебі биткоин өндірісі жылдамдап кетпеуі керек. Ал егер майнерлер сөндірсе, онда күрделілік те азаяды. Ол өндірістің график бойынша жүруі үшін керек. Қазір желідегі биткоиндардың есептеулерінің күрделілігі артып жатыр. Себебі қосылып жатқан майнерлердің саны күннен күнге өсіп келеді.
Халвиң не үшін керек?
Биткоинның «атасы» Сатоши Накамото әдейі осындай алгоритм ойластырып қойған. Ұсынысты үнемі болжауға болатындай болуы керек деген. Мұнысы әр түрлі мемлекеттердің ұлттық валюталары секілді шетсіз, шексіз басыла бермесін деген ойдан шыққан. Екеуінің арасындағы үлкен айырмашылық та осында. Биткоин саны шектеулі: 21 миллион ғана бола алады. 2024 жылдың 10 сәуіріндегі ақпаратқа сүйенсек, 19.678 миллион биткоин өндірілген. Демек, енді бар қалғаны — 1,4 миллионға жетер-жетпес биткоин ғана.
Қызығы сол, есептердің күрделілігі күннен күнге қиындай беретіндіктен, оны өндіру де оңай болмайды. Мысалы 2009 жылы бір биткоинды өндіруге бар болғаны бірер секунд керек болатын. Әрі құны да өте арзан еді. Ал қазір 2021 жылы өндіріске 9 жыл уақыт қажет болған. Шығындалатын электр тоғының да сомасы 12,5 мың доллар шамасында. Болжам бойынша, ең соңғы биткоин енді 2140 жылға қарай өндіріледі деседі.
Биткоин бағасына халвиң қалай әсер етеді?
Негізі биткоин бағасы халвиң өткеннен кейін өседі. Өйткені өндіріс қарқыны азайған кезде ұсыныс та екі есе азаяды. Бірақ криптовалюта курсы халвиңнен кейін әр кезде әр қалай құбылып тұрады. Мысалы 2012 жылы бірінші рет халвиң жасалған кезде биткоин бағасы 10 есе қымбаттап кеткен болса, 2020 жылы 20 пайызға ғана өскен еді. Ал енді биыл сәуірде болған халвиңнен кейін баға айтарлықтай өзгермеді. Десек те, криптовалюта өтімділігі жоғары екенін ескерсек, жағдай демде өзгере салуы әбден мүмкін. Көбі сәуірдегі халвиңді биткоин курсының өсуіне әсер ететін фактор деп айтқан еді. Әйтсе де, басқаша да пікірді ұстанатындар бар. Мәселен америкалық J. P. Morgan инвестбанкінің сарапшылары 2024 жылғы сәуірдегі халвиңнен кейін биткоин курсы әжептәуір түсіп, 42 мың долларға дейін арзандайды деген болжам айтқан. Қазір биткоин бағасы — 69 мың доллардан асады.
Криптовалюта майниңгінің рентабельдігі бірінші кезекте оның құнына байланысты. Себебі қуаты мықты компьютерлер мен өте көп көлемді электр қуаты қажет. 2024 жылғы халвиңнен кейін майнерлер бұрынғыға қарағанда екі есе аз биткоин алады. Бірақ электр қуаты мен компьютерлердің құны арзандамайды. J. P. Morgan сарапшыларының есебіне сүйенсек, биткоин өндіруге 26,5 мың доллар керек екен. Ал халвиңнен кейін ол құны тура екі есе қымбаттайды. Демек бір биткоин бағасы 53 мың долларға дейін барады деседі. Банк мамандарының пікірі бойынша, майниң өндірісінің рентабельдігі бұлай түссе майнерлер саны да күрт төмендейді. Өндірістен «темір» мен электр қуатын осыншалық қымбатқа ала алмайтындар шығып қалады деседі. Ал майнерлер саны транзакциялардың өнделуіне тікелей әсер ететінін бұған дейін айттық.
Хешрейт
Барлық биткоин желісінің есептеуіш қуаты «хешрейт» деп аталады. Яғни транзакция мен майниңнің өндіріс жылдамдығын айтамыз. J. P. Morgan сарапшылары майнерлердің кейбірі халвиңнен кейін өндірістен шығып қалған соң хешрейт шамамен 20 пайызға түседі деген болжам жасаған еді. Бұлай деуге негіз бар. Себебі оның динамикасы расында биткоин құнының динамикасына қарай түзеліп отырады. Хешрейт өскен сайын адамдардың биткоинға деген сенімі де өсе береді. Әрі спекуляциялық сұраныс та артады. Ал енді хешрейт түскен сайын биткоин курсы да түсуі ықтимал.
Бірақ осы тұста мынаны ұмытпауымыз керек: бұл жерде мәселе тек спекуляцияда емес. Биткоинда бастысы — валюта. Яғни ол бірінші кезекте бірдеңені сатып алып, төлем жүргізу үшін ойлап табылған. Әйтсе де, биткоинды бүкіл жерде қабылдай бермейді. Бірақ табуға болады. Желідегі оның ақпаратты өндеу жылдамдығы оған деген сұранысты арттыратын басты факторлардың бірі. Егер жылдамдығы төмен болса, онда қолдана алатындарға мұндай валюта аса керек болмайды.
Қазір биткоин транзакцияларының өңделу жылдамдығы өте төмен. 10 минуттан бастап, үш сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Десек те, көпшілігінде жылдамдығы 10-60 минут аралығында болады. Мұндай төлем тәсілі қолайсыздау. Операциялардың орындалу жылдамдығы осылай ұзарса, биткоинды төлем құралы етіп қолданғысы келетіндердің тарапынан сұраныс та азая береді. Салыстырып қарайтын болсақ, Visa төлем жүйесі бір секундта 24 мың транзакция өңдейтін болса, биткоин бар болғаны жеті транзакция өңдеп үлгереді.
Бірақ майнерлердің кей бөлігі өндірістен кеткені басқалардың жұмысын жеңілдетеді. Майниңге берілетін сыйақы өседі. Себебі теңдеу есептің шешімін табу жылдамдығында бәсеке азаяды. J. P. Morgan сарапшыларының пікіріне сүйенсек, өндіріс құны 53 мың доллардан 42 мың долларға түседі деседі. Ал енді биткоин құны қымбаттайтын болса, онда өндіріс рентабельдігі де артатыны анық. Әрі ол майниң жасағысы келетін адамдар санын да көбейтіп, одан хешрейт көтеріле береді.