«Жұмыс баяу жүріп жатыр»: Олжас Бектенов су тасқынынан келген залалды апта соңына дейін есептеп бітіруді тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Су тасқыны шығынын есептеу әлі бітпеген / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Премьер-Министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп министрлігі мен өңір әкімдеріне су тасқынынан келген шығынды бағалау жұмыстарын осы апта соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмыстар кейбір өңірде баяу жүріп жатқанын айтты.

«Мысалы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында. Сондықтан әкімдіктерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей барынша тездету керек», – деді Олжас Бектенов. 

Ал Премьер-Министр орынбасары Қанат Бозымбаев залалды өтеу алгоритмі қалай жүріп жатқанын және тасқын салдарынан қанша баспана мен мүлікке залал келгенін баяндап берді. Айтуынша, бүгінде 12 155 үй су астында қалған.

«28 мамырындағы мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 538 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды. Негізгі жұмыс тұрғын үйлерді қалпына келтірумен байланысты. Сондықтан өңірлердің әкімдері бұл мәселені ерекше бақылауға алып, күнделікті негізде халықпен жұмыс жүргізіп, туындаған әрбір мәселе бойынша түсініктеме берулері тиіс», – деді Қанат Бозымбаев.

Премьер-министр орынбасары бүгінге дейін 15 093 баспана мен саяжай үйлеріне техникалық тексеру жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті. Бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының 84%-ы. Ал бағалау жұмыстары әзірге 11 134 үйге  жүргізілген.

«Жекелеген өңірлерде техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқынының төмендігін айта кету керек. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54%-ы, атап айтқанда, тек 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құнын бағалау жүргізілді. Ақтөбе облысында көрсеткіш 73%, яғни 3679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланды. Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктері өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқтаған деп есептеуге болады», – деді Бозымбаев.

Қанат Бозымбаев мәлімдегендей, елімізде әлі 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтеді.   Оның 4315-і апатты деп танылып отыр.

«Осыған байланысты өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталды, бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алу жоспарлануда. Құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты жұмыстарды кешіктірмеу керегіне әкімдердің назарын аударғым келеді. Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет», – деп түйіндеді Премьер-Министр орынбасары.

Еске салсақ, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғын үй құрылысы және жөндеу жұмыстары күзде толық аяқталатынын мәлімдеген еді. Атырау облысында құрылыс, жөндеу жұмыстарын аяқтау және тұрғын үйлерді сатып алу мерзімі 2024 жылғы қыркүйекте аяқталады. Ал Ақмола облысында бұл жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланған. БҚО-да құрылыс және жөндеу жұмыстары ертерек аяқталады. Министрлік жоспарына сәйкес құрылыс және жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі – 31 шілдеге белгіленген. Ал тұрғын үйлерді сатып алу бойынша жұмыстар 2024 жылдың 15 тамыз күні аяқталмақ.

Ал Көлік министрлігі су тасқынынан зардап шеккен жолдарды қалпына келтіруге 8 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді. Ведомство бұл соманың әлі де өсетінін айтты. Су тасқыны басталғаннан бері Қазақстанның республикалық тас жолдарында су тасқынымен байланысты 169 оқиға тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз