Шарлапаев Қазақстанда Xiaomi мен Samsung өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр
Алматы қаласында Xiaomi теледидарларын құрастырып шағаратын зауыты іске қосылды. Бұл жайында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Ведомство басшысының мәліметінше, елімізде тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есе өскен.
«Түркістанда коммерциялық тоңазытқыштарды құрастыру жоспарлануда, ал Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Қытайдың HKC компанияларымен келіссөздер жүргізілуде»,- деді министр Үкімет отырысында.
Жеңіл автомобильдер өндірісі 160 мың бірлікке дейін ұлғаяды
Министр металургия саласындағы жұмыстарға тоқталды. Мәселен, биыл бұл салада 4,7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 21 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның жалпы инвестиция көлемі 464,2 млрд теңге. Қаржыландыру алатын жобалардың қатарында Қарағанды облысындағы «TEMPO Қазақстан» болат құбырлар шығаратын зауыт пен Шымкенттегі «QazAlPack» алюминий қаптамасын шығару кешені бар. Шарлапев Үкімет басшысына машина жасау өндірісіндегі жұмыстарды да баяндады.
Бүгінде автомобиль өндірісі 8,6% ұлғайып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. Жалпы алғанда, 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарлануда. Сонымен қатар Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын өнеркәсіптік аймақтарда автокомпоненттік базаны дамыту аясында көлік құралдарына арналған қуаттылығы 100 мың бірлік орындық, 150 мың бірлік пластикалық бөлшектер және 100 мың бірлік мультимедиялық жүйе өндіріс жобалары пысықталуда,- деді ол.
Шарлапаевтың айтуынша, химия өнеркәсібі ағымдағы жылдың 4 айында 6 пайызға өскен. Министрлік жыл соңына дейін KPI полипропилен зауытының жобалық қуатына шығуды жоспарлап отыр.
«ҚазАзот» өнімдерінің номенклатурасын кеңейту есебінен қамтамасыз етілетін болады. Ағымдағы жылы химия өнеркәсібінде инвестиция көлемі 29 млрд теңге болатын 14 жобаны іске қосу жоспарлануда, оның ішінде негізгісі – Маңғыстау облысындағы КазАзот аммоний сульфаты және Атырау облысындағы TenizEcoService сұйық азот өндірісі,-деп мәлімдеді министр.
Бектеновтің тапсырмасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің баяндамасынан соң, Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеді. Олжас Бектенов 2025 жылға қарай жеңіл автомобильдер өндірісін 160 мың бірлікке дейін ұлғайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек жолаушылар вагондары өндірісін 100 бірлікке, локомотивтер өндірісін 120-ға, платформалар өндірісін 500-ге және жартылай вагондар өндірісін 1,5 мыңға дейін ұлғайтуды тапсырды.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңдеу секторы өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласымен теңесті десек болады. Енді одан да жоғары деңгейге жеткізу керек. Жалпы, Үкімет алдында елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, локализациялау деңгейі жоғары өндіріс циклін құру және ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырту бойынша маңызды міндеттер тұр. Оларды қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет»,- деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр мәлімдеуінше, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,2%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құраған. Бұл 4 айдың қорытындысы. 5,6 млрд доллар сомасына тауарлар экспортталған. Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,9%-ға артып, 403,2 млрд теңгеге жетті. Ең көп үлес металлургия өнеркәсібіне, машина жасау және азық-түлік өндірісіне тиесілі.
Еске салсақ, 29 сәуірде өткен Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың инвесторлармен жұмысына депутаттардың көңілі толмады.
«Министрдің есебіне көңілім толған жоқ. Министр Парламент Мәжілісінің алдында емес, өз әріптестерінің алдында сөз сөйлеп тұрғандай. Біз министр нағыз инвесторлар туралы айтады деп күттік. Мен сіздің есебіңізді оқып шықтым. Онда шын инвесторлардан Samsung, KIA мен бірнеше неміс инвесторларын шақырғансыз», – деді депутат Бақытжан Базарбек.
Ол министрден ұлттық экономикаға инвестиция құйған инвесторларды көрсетуді сұрап, соның нәтижесінде қанша жұмыс орны құрылып, халыққа қандай пайда болғанын көрсетуді талап етті.