Volkswagen Renault-пен серіктес болудан бас тартты және бюджеттік электромобильді өзі жасап шығармақ / Фото: Unsplash/Alexandru Bogdan
Неміс автомобиль өндірушісі Volkswagen басқа еуропалық брендтермен коллаборация жасағысы келмейді және 2027 жылға қарай құны 20 мың еуро (21 756 доллар) тұратын бюджеттік электромобильді өзі шығаруға ниеттеніп отыр деп жазады Bloomberg. Бұған дейін Renault VW-мен бюджеттік электромобильді бірлесіп жасау туралы келіссөз жүргізген еді. Франкфурттегі сауда барысында Volkswagen-нің қарапайым акциясы 1%-дан көбірек қымбаттаса, ал артықшылығы бар акциясының бағасы 2,5%-ға жуық өсті.
Толығырақ
Volkswagen бюджеттік электромобиль жасау барысында нарықтағы бәсекелестікті сақтау үшін, басқа автоконцерндердің көмегіне сүйенбей, өз бетінше әрекет етпек. Автокөлік өндірушінің басты міндеті – сапасы қытайлық бәсекелестерден асып түсетін автомобиль жасау. Неміс бренді қолжетімді электромобиль санатына жататын көліктерін 2027 жылы жарыққа шығаруды жоспарлап отыр деп хабарлайды Bloomberg.
Volkswagen-нің бас директоры Томас Шефер:
«Бағасы тартымды болса да, біздің электромобильдеріміз бастапқы деңгейдегі сегментте технология, дизайн, сапа және тұтынушыларға қызмет көрсету деңгейі бойынша стандарттарды белгілейді», – деді.
Компания 20 мың еуро деген бағаға қол жеткізу үшін, VW-нің «Еуропада көбірек таралуға» үміт артатынын және бұл қадам саяси қолдау мен «бәсекеге қабілеттілік шарттарын» қажет ететінін мәлімдеді деп жазады Bloomberg.
Контекст
Наурыз айында Volkswagen-нің қаржы директоры Арно Антлиц бюджеттік электромобильден пайда табу «өте қиын» екенін ескерткен еді. Дегенмен еуропалық автоөндірушілер 2030 жылға дейін электромобиль шығаруға ойысуды көздейді. Осы орайда көмірқышқыл газын азайту стратегиясына сай болу үшін көлік үлгілерін жаңартуға мәжбүр. Солай болғанмен, Еуропа елдеріндегі экономиканың баяу өсуі және субсидиялардың қысқаруы электромобильге деген сұранысқа кері әсер етуде. Volkswagen компаниясы автопарктың жалпы зиянды шығарындысын жеткілікті деңгейде азайта алмаса, 2 млрд еуродан (2,2 млрд доллар) астам айыппұл төлеуі мүмкін деп бұған дейін Bloomberg хабарлаған болатын.
Ал қытайлық брендтер арзан көлік үлгілерін ұсыну арқылы Еуропа нарығын кеңінен жаулай бастады. Еуропада екі зауыты бар BYD өзінің Seagull хэтчбегін 20 мың еуродан төмен бағамен келер жылы-ақ ұсынуды жоспарлап отыр деп жазады Bloomberg. Осы айдың басында Stellantis қыркүйектен бастап Еуропада «қытайлық серіктеспен бірлесіп» жасаған автокөліктерін сатуға шығаратынын айтты. Renault әріптестерімен, соның ішінде VW және Stellantis-пен қолжетімді электромобильді бірлесіп шығару жайында келіссөз жүргізді, алайда бұл кездесулер өзара серіктестікке ұласпады.
Bloomberg электромобиль жасау ісінде Volkswagen-нің сәтсіздікке көп ұшырағанын еске салады, атап айтқанда жүргізушілерге ұнамаған бағдарламалық жасақтаудағы қиындықтар және негізгі модельдерді кешіктіріп шығару дегендей. Қытайда VW қозғалтқышы іштен жанатын автокөлік шығаруда жақсы нәтижеге қол жеткізді, бірақ электромобиль жасауда тұтынушылардың талғамынан шыға алмай, жергілікті брендтерден артта қалды.
Volkswagen келер жылдың соңында бағасы 25 мың еуродан төмен төрт электромобиль шығаруды жоспарлап отыр. Бұл көліктер Испанияда жасалады.
Акцияның жайы
Сейсенбі күні Франкфурт биржасындағы сауда барысында Volkswagen-нің қарапайым акциясы 1,35%-ға, 143 еуроға (155,3 долларға) қымбаттады. Жыл басынан бері компанияның осы қағаздарының құны 20,7%-ға өсті. Volkswagen-нің артықшылығы бар акциясы сейсенбіде 2,41%-ға, 123,3 еуроға (133,91 долларға) дейін қымбаттады. Жыл басынан бері бұл қағаздардың бағасы 10,29%-ға өскен.
FactSet мәліметтері бойынша, компанияның акция жайын бір сарапшы бақылап отыр, ол сатып алуға (Buy) кеңес береді.