Транскаспий көлік бағыты арқылы өтетін контейнерлік тасымалдау көлемі 10 есе артады
Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағалауы бойынша, 2040 жылдарға қарай Қытай мен Еуропаны жалғап жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы Орталық Азия мемлекеттері 800 мыңға дейін контейнер жөнелтетін болса, ал Қытай-Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемі 470 мыңға дейін жетпек. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, 2023 жылы ТХКБ арқылы контейнерлік тасымалдар 39 пайызға төмендеген (20,5 мың TEU). 2022 жылы көрсеткіш 33,6 мың болған еді. Дегенмен 2024 жылдың алғашқы төрт айында контейнерлік тасымалдау 10,4 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70,4 пайызға өскені байқалған.
Мәжіліс 2023 жылы 17 қазанда қол қойылған Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы ТХКБ Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту туралы келісімді 29 мамырда ратификациялады.
«Келісімді жүзеге асыру нәтижесінде жүк тасымалдаудың жыл сайынғы көлемі, екі мемлекеттің аумағында жылжымалы құрамды қадағалап отыру бойынша деректер алмасуға келісті. ҚХР Транскаспий халықаралық көлік бағытының мұнай құбыры мен порт инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүктерді транзиттік тасымалдауды жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады», – делінген Мәжіліс таратқан мәліметте.
Келісім шеңберінде 2027 жылға қарай жүк ағыны 10 млн тоннаға дейін ұлғайтылса, ал Қытайдан шыққан жүктің Еуропа елдеріне жету жылдамдығы 12-13 күнге дейін қысқаратын болады.
Қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктердің өту мерзімі 19-23 күнді құрап отыр. Оның ішінде Қазақстан аумағынан өту уақыты 6 күн, жүк ағыны – 6 млн тонна.