Жаңалықтар

Қазақстан 1991 жылдан бері 2 млрд тоннадан астам мұнай өндірген

Потолок цен на российскую нефть
32 жылда 2 млрд тоннадан астам мұнай өндірілді / Архив: kursiv.media

2024 жылдың 29 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстан 1991 жылдан бері 2 000 147 305 тоннадан астам мұнай өндірді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл көп пе? Аз ба? Су тасқынынан мұнай саласына келген шығын көлемі қаншалықты?

Мұнай саласы бойынша сарапшы Абзал Нарымбетов су тасқыны басталғаннан бері мұнай шығыны 33,8 мың тоннаны құрағанын айтады. 25 сәуірдегі жағдай бойынша шығын 20 мың тоннаға жуық.

«Бұл елдегі жылдық өндірістің 0,05%-ы ғана. Су тасқыны мұнай өндірушілерге кедергі келтірсе де, шығын әлі де мардымсыз болып қалады», – деді сарапшы.

Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі тасқын салдарынан су басқан мұнай ұңғымалары туралы мәлімет таратты. Мамыр айының соңында 450 ұңғымадан 5-еуі ғана қалды. Олардың барлығы Ақтөбе облысында орналасқан. Бір айдың ішінде 445 ұңғыманың жұмысы қалпына келтірілді.

Жалпы Қазақстанда мұнай өндіру тәулігіне 20 мың баррельге және айына 1,54 млн баррельге дейін (сәуірде) төмендеді. Бірақ бұл ОПЕК-тің 1,468 млн баррель квотасынан жоғары.

Айта кететіні, биылғы жылдың айының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 5,9 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,4%-ды құрады. Ал мұнай өнімдерін өндіру 4,28 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94% болған.