28 мамырда өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының қорытындысы бойынша Асхат Хасенов ұлттық компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Сондай-ақ ол ҚМГ директорлар кеңесінің құрамына сайланды.
Асхат Хасенов еңбек жолын 2005 жылы «Торғай Петролеум» АҚ мұнай және газ өндіру цехының 3-разрядтағы операторы болып бастаған.
2006 — 2010 жылдары «Мұнай және газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасы» АҚ жетекші маман, бас маман, мұнай-газ кен орындарын игеру мониторингі бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, департамент директоры, вице-президенті болып жұмыс істеді.
2011 — 2019 жылдары ҚР Мұнай және газ министрлігінде Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің меминспекция және рұқсат беру басқармасын, мұнай химия және техникалық реттеу департаментін басқарды.
2019 — 2022 жылдары — «KLPE» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары.
ҚазМұнайГазға тағайындалғанға дейін 2022 — 2024 жылдары аралығында ҚР энергетика вице-министрі болып қызмет етті.
Бұл лауазымда жер қойнауын пайдалану және мұнай-газ химиясын дамыту мәселелеріне жетекшілік етті, сонымен бірге көмірсутек кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияны басқарды.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚМГ-ны Мағзұм Мырзағалиев басқарған. Ол 2024 жылдың 15 мамырында қызметінен кетті. Ұлттық компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өткізілгенге дейін Басқарма төрағасы міндетін атқару Асхат Хасеновке жүктелді.
Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» компаниясы жұмысының 2023 жылғы қорытындысына сәйкес, мәліметтерге сүйенсек, 23,5 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді.
Мұнай тасымалдау көлемі 80,3 млн тоннаны құрады, МӨЗ-де 18,5 млн тонна мұнай өңделді. Компанияның өткен жылғы табысы 8,3 триллион теңгеден асты.