Жаңалықтар

Қытайдың қарыз қаражатына салынып жатқан жол құрылысы аяқталмастан, бұзылып жатыр – депутат

жол
Салынып жатқан 4 ірі автомагистральдарының үшеуінің құрылысы осы жылы аяқталады / Фото: kursiv.media

Қазақстанның ірі автомагистральдарының құрылысы 2020 жылы аяқталуы керек болған. Алайда жұмыстар 4-5 жылға созылып кеткен. Осының себебін мәжілісте депутат Ерлан Саиров сұрады.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялады. Құжатты талқылау кезінде Көлік министрі Марат Қарабаев бұл келісімнің ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үрдісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумақтарына автокөліктердің емен еркін ішкерлей кіруін қамтамасыз ететінін айтты.

Сонымен бірге қазақстандық автотасымалдаушылар жүк шоғырланатын ірі қалалар мен Қытайдың халықаралық теңіз порттарына дейін бару мүмкіндігіне ие болады.

«Келісімді жүзеге асыру жолаушылар мен жүктер тасымалының, сондай-ақ Қазақстан-қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі дамуына
өз ықпалын тигізеді»,- деді министр.

Осы орайда депутат Ерлан Саиров келісімнің елдің жүк тасымалы әлеуетін арттыруға көмектесетінін, алайда транзиттік әлеуетті арттыру үшін инфрақұрылымның жақсы дамуы қажет екенін айтты.

«Транзиттік әлеуетті арттыру үшін, инфрақұрылым керек. Бүгін сол Қытай елінен кердитке алынған жол құрылысы – Балқаш-Алматы, Майқапшағай-Қалбатау бөлігі әлі біткен жоқ. Сонда тұратын азаматтар айтып жатыр: «мына бөлігі біткенше, салынып біткен бөлігі бұзылып жатыр» деп. Негізінде жоспар бойынша 2020 жылы барлық жол құрылысы аяқталуы керек болған. Қалбатау-Бұғаз бөлігін көрген шығарсыз. Бұл өзі биыл біте ме, жоқ п? Егер бітпейтін болса, Қытайдан алынған займның бүкіл пайдасының барлығы жоқ болып кетеді ғой. Өйткені доллар өсіп бара жатыр. Біз займды төлеп жатырмыз, жол әлі біткен жоқ. Мұндай мемлекетке тиімсіз келісімшарттарды кім жасаған?»- деді депутат.

Министр бүгінде 4 бағыт бойынша жұмыстар әлі аяқталмағанын, олардың үшеуіносы жылы аяқтау жоспарланғанын айтты. Айтунша, елде көптен бері созылып келе жатқан жолдар бар. Ол – Атрау-Астрахань, Алматы-Астана, Ақтөбе-Қандыағаш бағыттары. Осы үш жолды министрлік биыл аяқтауды жоспарлап отыр. Ал Қалбатау мен Майқапшағай бағытындағы жол құрылысы биыл бітпейді. Ол тек 2025 жылы аяқталмақ.

Депутат осы орайда министрден мәжіліс залында уәдесін орындауға шақырды.

«Сіздер осы арада айтқан сөздеріңізге жауап беріп үйреніңіздер. Өйткені бізге айтып кетесіздер де, жол сол күйі бітпей қалады»,- деді Саиров.

Айта кетейік, мәжілісте бұдан бөлек тағы екі келісім ратификацияланды. Ол келісімдер де халықаралық жүк тасымалы әлеуетін арттыруға бағытталған.

Бірі Қытай Республикасымен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды көздейді. Атап айтқанда, бұл құжат негізінде автомобиль, теміржол және теңіз көлік түрлерін тиімді пайдалануды, жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауды, сондай-ақ дәлізге транзиттік қосымша көлем тарту үшін екі елде логистикалық орталықтар дамытылады.

Ал екінші келісім негізінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдарын дамыту көзделген. Бұл келісімге 2022 жылы Самарқандда қол қойылған. Келісім әртүрлі көлік түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Түркі елдері арасындағы тасымалдауды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады.

Еске сала кетсек, Қазақстан әлемнің 42 елімен автокөлік арқылы халықаралық жүк тасымалдайды. Биыл Қазақстан мен Қытай арасында темір жолмен 27,8 млн тонна жүк тасымалданады. ҚР мен ҚХР 2024 жылы жүк тасымалдау көлемін келісті. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық.