«Жылу энергетикасы» туралы заң: тарифтен түскен қаражатқа ЖЭО-ларға жөндеу жүргізбеген компаниялар жауапқа тартылады

Жарияланды
Жылу энергетикасы
«Жылу энергетикасы» туралы заңды мәжіліс екінші оқылымда мақұлдады / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәжіліс «Жылу энергетикасы» туралы заңды екінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, жылу энергетикасын өндіруші компаниялар тарифтен түскен қаражаттан жылу нысандарына инвестиция құймаса, айыппұл төлейді. Бұл жайлы заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

«Жылу энергиясын өндіретін, тасымалдайтын компаниялар өздерінің тарифтерінде инвестициялық бағдарлама қабылдаған. Яғни халық тұтынуынан түскен ақшаның бір бөлігін олар өздерінің жөндеу жұмыстарына, модернизациялауға жұмсауы керек. Егер олар бағдарламада белгіленген нормаларды орындамаса оларға айыппұл салынады. ЖЭО қазандықтарында болып жатқан апаттарды болдырмау үшін осындай нормалар қарастырылған. Егер ақшаны өз кірісіне жұмсаса, айыппұл төлейді. Әрине кәсіпкерлікті қолдауымыз қажет, бірақ бизнесте өз жауапкершілігін тиісті деңгейде орындауға міндетті. Әсіресе, энергетика сияқты стратегиялық маңызды кәсіпорындарда бұл өте өзекті»,- деді депутат.

Солайша электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін компанияларға заңмен қатаң квалификациялық талаптар қойылып, тарифтер мемлекет тарапынан реттелмек. Нәтижесінде өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар нарықтан кетеді.

«Ондаған жылдар бойы электр тогын тұтынушыларды сүлікше сорып, негізссіз байып келген делдалдарды, яғни ЭСО-лардың қызметін тоқтататын норма қабылданды. Бірнеше айға созылған депутаттар мен олигополияның арасындағы айқас, Мәжіліс депутаттарының пайдасына шешілді»,- деді депутат.

Сонымен бірге Заң жобасында жылу энергетика саласын мемлекеттік бақылау нормасы бекітілген. Бақылаушы орган жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының уақытында атқарылуын, оның ішінде жылу маусымына дайындық, сенімді және сапалы жылумен жабдықтау, қондырғыларды қауіпсіз игеру, персоналдың білімін тексеру сынды шараларды жүзеге асырады.

Бақылаушы органдар тексеруді жоспарлы және жоспардан тыс атқарады. Олар жылу өндіру және жылу тасымалдау объектілерінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және технологиялық төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған өндірістік бақылау жүргізеді.

Сондай-ақ, жылу өндіретін компания жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдаса, оны үкіметке 5 жыл бұрын ескертуі керек болады.

«Заңдағы тағы бір маңызды новелла  ол –  жылу өндіруші субъектілері енді өз нысанын тоқтатқысы келсе тиісті мелекеттік органдарға 5 жыл бұрын хабар жіберуі керек. Бұл өз кезегінде дер кезінде жаңа жылу көздерін салуға немесе ескі қондырғыларды жаңалауға мүмкіндік береді»,- деді Жаңбыршин.

Мәжіліс қабылдаған заң жобасына сәйкес, жылуды өндірудің және тасымалдаудың мемлекеттік саясаты Энергетика министрлігіне өтеді. Ал жылуды тұтыну саясаты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде, тариф саясаты Ұлттық экономика министрлігінде қалады. Жергілікті мемлекеттік органдар жергілікті жердегі жылумен жабдықтауды дайындау мен бақылауды іске асырады.

Бұдан басқа энергетика саласында енді бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Бұл платформа бүкіл саладағы қызметтерді талдауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек.

«Бұл елімізде энергетикалық қауіпсіздіктің одан әрі артуына мүмкіндік туғызады»,- дейді Жаңбыршин.

Еске сала кетсек, елдегі жылу электр орталықтарын жөндеуге 380 млрд теңге қарастырылып отырғанын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтқан болатын. Бұл қаржының 361 миллиард теңгесі тариф және станция иелерінің қаражаты есебінен бөлінбек. Қалған 20 миллиардқа жуық теңге үкімет резервінен мемлекеттің араласуын қажет ететін нысандарға бөлінеді.

Сондай-ақ оқыңыз