Концерт кейінге шегерілгенде билет құнын қалай қайтарып алуға болады?
Пандемияда үлкен концерттер, мерекелік жиындарды сағынған жұртшылық қазір жиындардан қалмауға тырысса, әлемдік жұлдыздар да турнелерімен қуантуға барын салып жатыр. Бірақ кей кезде ел асып, асыға күткен концерттер кейінге шегеріліп не мүлде болмайтыны хабарланып жатады. Мұндайда көрермен құқығы қандай, ұйымдастырушылардан не талап ете алады?
Сүйікті әртіс не топтың жоспарланған концертінің болмауын есту қашанда көңіл түсіретін жағдай. Әсіресе, сонша шақырымды артқа тастап барғанда мұндай жаңалықты есту екі есе ауыр тиеді. Мұндай жаңалық БАҚ бетінде жиі кездеседі. Мәселен, жақында Оливиа Родриго мен Питер Кай техникалық себептерге байланысты Манчестердегі концерті кейінге шегерілетінін хабарлаған-ды.
Әнші Оливиа жанкүйерлеріне бұл жағдайға қатты қапаланғанын, билет ақысын барлығына қайтаратынын жеткізді.
Сонымен концерт болмайтыны туралы хабар келсе не істей аласыз?
Ережелер мен шарттармен тағы бір танысыңыз
Иә, әлеуметтік желілерге тіркелгенде, бір нәрсе сатып аларда «шарттар мен ережелер» бөлімін ескермей, келісім бере сап, аттап кетіп жатамыз. Дегенмен заңгерлер мен сарапшылар осы тұсқа мән беріп, танысу керегін ерекше ескертеді.
«Егер концерт болмайтын болса, әншінің жеке ресми сайты не сатып алған платформа арқылы билет ақысын толық қайтарып алуға құқылысыз», – дейді Which
Тұтынушылар тобының өкілі Хәрри Кайнд. «Іс-шара кейінге шегіндірілсе де ақша талап ету заңды. Басқа күні шаруаңыз шығып қалуы мүмкін ғой, мәселен. Сондықтан концерт күні ауысса, билетті де қайтаруға болады.
Алайда билетті ресми сайттан емес реселлер, яғни делдал сайттар арқылы сатып алсаңыз, ақшаңызды кері алу қиынға соғады.
“Viagogo немесе StubHub платформалары сияқты үшінші жақтан сатып алсаңыз, құқығыңыз тасқа қашалып жазғандай анық емес», – дейді Хәрри.
Бәрі билет сатып алып жатқанда келісім берген ережелер мен шарттарға байланысты екен. «Не билетті басқа біреуге өзіңіз сатып, не басқа күнге тіпті жылға ауыстырылған концертке катысуға ғана мүмкіндік береді».
Осы ретте былтыр Ed Sheeran-ның концертіне билет алып, сол үшін Нью-Йоркке барған отандасымыз Әсем Киікбаеваның пікірін білдік. Айтуынша, былтыр сүйікті әншісінің ұзақ күткен концертіне бірнеше ай бұрын билет алып, арнайы Нью-Йоркке барған. Алайда әнші концерті болмайтынын іс-шара басталуға бірнеше минут қалғанда хабарлаған.
«Бәрін жоспарлап, АҚШ-тың басқа қаласынан автобуспен жеттік. Концертке дейін қаланы аралайық деп бір-екі жерге соғып, стадионға ертерек келіп алдық. Ұзақ кезектен де өттік, стадионға енді кіріп жатқанда қасымыздағылардың телефондарына қарап, бірдеңе талқылап жатқанын байқадым. Instagram желісін ашып қалғаным сол еді, Ed Sheeran 9 секунд бұрын жазба жариялапты. Концерттің басталуына 5 минут қалғанда белгілі себептерге байланысты кейінге шегеретінін хабарлады. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін, бірақ дәл осылай хабарлау жөнсіз көрінді», – дейді Әсем.
Олар билетті Ticketmaster сайтынан сатып алған. Билет қайтарылады деген міндеттеме сөз жүзінде қалған. Сайт оларға билеттерін сатылымға шығаруға мүмкіндік берген. Бастапқы бағасынан бірнеше есе арзанға сатыпты. Ал бірге барған құрбысы тіпті сата алмаған.
Қонақүй мен жолға кеткен шығынды кім өтейді?
Концерт болатын жерге поезд, ұшақпен келіп, қонақүй жалдасаңыз не істей аласыз?
Which? тағы да ережелер мен шарттарға үңілу керегін айтады. Сирек жағдайда жол шығынын да қайтарып алу мүмкіндігі бар және Тұтынушылар тобы «жарарға» салмай, талап етуге кеңес береді.
Хәрридің айтуынша, мұндай шарттар өте сирек болады.
«Өкініштісі, концерт ұйымдастырушылары оны ескермейді. Барлық міндетті көрерменге жүктеп қояды. Транспорт билетінің қайтарылатын түрін таңдасаңыз, мәселе оңай шешіледі. Қонақүйдің де қайтарылатын мүмкіндігі барын таңдауға кеңес береміз», – дейді ол.
Дегенмен ондай мүмкіндіктер қарастырылмаған болса, қапа болмаңыз, әуекомпания, темір жол компаниясы мен қонақүйге басқа күнге ауыстыру мүмкіндігін сұрап жаза аласыз. Көп жағдайда олар келісім береді. Тіпті бір жылдан кейін қолдануға рұқсат беретіндер бар.
Хәрри Кайнд саяхат сақтандыруын алған абзал деген пікірде.
«Сақтандыру талабына сай көп қызметтің ақысын қайтару жолы бар. Бірақ ол да сақтандыру түріне байланысты», – дейді өкіл.
Билет сатып алудың ең сенімді жолы қандай?
Ең сенімдісі – әртістің жеке сайтынан сатып алу. Өйткені делдал, ресми емес сайттардан билет сатып алу құқығыңыздың сақталмауына алып келуі мүмкін.
Хәрри мүмкіндігіңіз болса билетті несие картасы арқылы сатып алуға кеңес береді. Келеңсіздікке тап болсаңыз, банк арқылы «бас тарту» мүмкіндігі болуы мүмкін. Тіпті болмаған жағдайда өтініш не арыз бере аласыз.
«Арыз жазу да ұзақ шаруа, бірақ кейде кәдеге жарап жатады. Бірнеше адам бірігіп жатса тіпті нәтижелі болуы мүмкін», – дейді Тұтынушылар тобы.