«Астық қоймалары» ЖШС өкілдігінің бұрынғы директоры М. Жүсіпов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осындай үкім шығарды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жариялаған ресми ақпарат бойынша «№2 және №5 нан базасы», «Астық қоймалары» ЖШС өкілдіктерінің бұрынғы директоры жазадан құтылмады. Ол аса ірі мөлшерде дәнді дақылдарды жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істен жалтарғысы келген. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына 350 мың доллар сомасында пара бермекші болған.
Жүсіповті пара беруге итермелегені және алаяқтыққа оқталғаны үшін И. Барабаш пен Т. Демесінов те 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар Қостанай қаласы № 2 сотының үкімімен Қостанай адвокаттар алқасының адвокаты О. В. Бранцевке қатысты үкім жарияланды. Ол алаяқтық пен пара беруге итермелеуге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
«О.В. Бранцев құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарына қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін пара беру сылтауымен өзінің қорғаушысы А.К. Сансызбаевтың 600 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын заңсыз иемденген», – делінген ресми орган сайтында.
Оған параның 20 еселенген сомасы 12 млн теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалып, мемлекеттік қызмет қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.
Антикор ТЖМ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Шенеуніктерге 40 млн теңге пара алды деген айып тағылып отыр.