Жаңалықтар

«Маусым басталмай жатып, тураймақтарға билет жоқ»: Министр қазақстандықтардың шағымына жауап берді 

Алакөлге қосымша пойыздар жүреді / Коллаж: kursiv.media, бильд-Редактор: Ахтам Зиперов

Көлік министрі Марат Қарабаев қазақстандықтардың танымал туристік бағыттарға билет жеткіліксіз деген шағымына жауап берді.

Мәжіліс кулуарында журналистер министрге қазақстандықтардың әлеуметтік желілердегі шағымдарын жеткізді. Онда ел азаматтары маусым басталмай жатып, танымал туристік аймақтарға пойыз билеттерінің жоқтығын айтқан. БАҚ өкілдері Марат Қарабаевтан делдалдардың мәселесі қашан шешілетінін, Алакөл мен Балқашқа билеттің қолжетімділігін сұрады.

«Алакөл бағыты бойынша қосымша пойыздар жүреді. 12 пойыз, оның үшеуі кондиционермен жабдықталған Тальго пойызы. Ал Балқаш бойынша бізде Астана мен Алматыдан билет бағасы арзандатылған әуе көлігі іске қосылады. Ол субсидияланатын болады», – деп жауап берді Марат Қарабаев.

Министр бұл мәселе түбегейлі шешіледі деп сендірді. Ол желіге қосылатын қосымша пойыздарға билеттер сатылымы әлі басталмағанын айтты.

«Жолаушылар вагондары қосымша сатып алынып жатыр. Егер былтыр 118 вагон сатып алынса, биыл оның саны 140-қа жетеді. Бұрын сатып алынған вагондар 100-ден аспайтын. Келесі жылы 260 жаңа вагон алу жоспары бар», – деді министр.

Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешуді және танымал туристік бағыттарға пойыздар санын көбейтуді тапсырған еді. Сонымен қатар туристік саланы дамытуға ден қоймай келген өңір әкімдеріне де шүйлікті.

Премьер-Министр елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп екеніне тоқталды. Алайда оларға жетудің өзі бір мұң, әзірге жағдайдың өзгеретін түрі байқалмайды деп сынады.

«Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер күйі кеткен демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр»,- деді Премьер-Министр.

Бектенов бәсеке жоқ жерде, сервис сапасы да ақсай беретінін айта келе туристік бизнесте «демалуға қайтсе де келеді» деген қарабайыр түсінік қалыптасқанын айтады.