«Сауда сөрелеріндегі импорттың үстемдігінен отандық азық-түлік зардап шегіп отыр»: Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мәлімдеме жасады
Елімізде тауарды сату оны өндіруден гөрі қиындай түсті. Бұл туралы азық-түлік секторының салалық одақтары альянсының өкілдері мәлімдеді.
Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсы «Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Жобаны мәжілісмендер мен парламентаризм институтының сарапшылары бірлесіп әзірлеген. Жоба сауда қызметін реттеуге және отандық азық-түлік өнімдерін сатуды қолдауға арналған.
Салалық одақтар альянсының өкілдерінің мәлімдеуінше, мемлекеттік құрылымдар отандық азық-түлік өндірушілерін толыққанды қолдамай отыр. Тіпті мемлекеттік органдар түзетулердің кейбір тармақтары бойынша теріс қорытынды бергенін айтады.
«Қазір біздің ұсыныстарымызды алдын ала талқылау жүріп жатыр. Мемлекеттік органдар тарапынан патриоттық заң жобамыз қолдау табатынына сенеміз. Ішкі нарықты импорттың үстемдігінен неге қорғай алмайтындығына сылтау емес, осы мәселелерді шешу жолдарын іздеуі үшін бейінді министрліктердің өкілдері біздің ұсыныстарымызды зейін салып қарауы өте маңызды. Бүгін күні бізге мемлекеттің реттеуші рөлі бұрынғыдан да қажет. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, біз импорттық өнімді жеткізуге тәуелді болмас үшін отандық өндірісті дамыту және қолдау маңызды. Қазір импортты жеткізуді тоқтатқан кезде елімізде бағаның күрт өсуі мен өнім тапшылығы орын алуда, ал бұған елдің азық–түлік тәуелсіздігін нығайту арқылы ғана жол бермеуге болады», – деп түсіндірді «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Руслан Шарипов.
Руслан Шариповтың сөзінше, жұмыртқаға берілетін субсидиялар алынып тасталған, бұл да үлкен мәселе.
«Бүгінде айналым қаражаты жоқ, өнім шығара алмаған 12 құс фабрикасы 2-3 жылдан бері жұмысын тоқтатты. Күркетауық еті бойынша жалғыз «Ордабасы құс» болды. Күркетауық еті әлеуметтік маңызы бар өнім емес деп танылып, субсидиялар да алынып тасталды. Жылына өндіретін 12 мың тоннадан қазір 7 мың тоннаға дейін төмендеді», – деді «Қазақстан құс өсірушілер Одағының» президенті.
Заң жоба авторларының пікірінше, бүгінде импорттаушылардың қазақстандық өндірушілерге қарағанда құқықтары мен міндеттері көбірек болып отыр. Сол себепті бұл жағдайға мемлекет араласуы тиіс, ол үшін реттеуші нормаларды қабылдауы керек деп есептейді. Баспасөз жиынында атап өтілгендей, қазіргі уақытта қазақстандық өндіруші қорғалмаған, осының әсерінен отандық азық-түлік өнімдерінің өндірісі төмендеп жатыр.
«Қазақстандық нарықты жаулап алу үшін көрші елдердің кәсіпорындары демпингке оңай барады. Осының әтижесінде отандық компаниялар қаражатсыз қалады және сүт саласы шығынға ұшырауда. Мұндай жағдайлар барлық жерде бар. Статистика деректері бойынша, біз әлі де өзімізді сүтті терең өңдейтін жергілікті өнімдермен (мысалы, сары май, ірімшік, йогурт, балалар тағамы) толық көлемде қамтамасыз етпейміз», – деді «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
Жиынға қатысушылар елімізде сауда желілерінің жалпыға бірдей монополиясы жоқ екенін алға тартуда. Бірақ барлық өңірде, іс жүзінде әрбір қалада өзінің жергілікті сауда монополиясы бар. Сарапшылар атап өткендей, монополист өзінің бақылауындағы сауда кәсіпорнында сауда еркіндігін шектейді, нәтижесінде жергілікті нарықта бәсекелестік өте әлсіз болады.
«Сауда мен өндірістің мүдделері түйіскен жағдайда мемлекет өндірушіні қолдауы тиіс. Өйткені сауда кез келген дағдарыс кезінде аман қалады, ал отандық өндірісті қолдап, оған аяққа тұруына және күшеюіне мүмкіндік беру керек. Сондықтан отандық өндірушілерге сөрелерде неғұрлым тиімді орындарды ұсынуды, қазақстандық өнімдердің сауда желілерінде ұсынылуын қамтамасыз етуді және жеткізілген тауар үшін уақтылы ақы төлеуді бақылауды жүзеге асыруды ұсынамыз. Өндірушілер трейдерлердің шарттарын толығымен орындауы керек», – деп айтып өтті «Қазақстан Құс өсірушілер одағының» президенті.
Салалық одақтар альянсының сарапшылары мәлімдегендей, сауда компанияларына тек үстеме бағаны қалдыруға және кез келген басқа қызметтерден – ретробонустардан, сыйақылардан, жоқ қызметтерден бас тартуға нұсқау беретін норма бекітілген. Қазір сауда желілері жеткізушілерден ретробонустар алады. Ол 24% – ға дейін жетеді, іс жүзінде, барлық акция немесе жеңілдік өндірушінің есебінен жүзеге асырылады. Бұл қосымша шығындар тұтынушыға жүктеліп, өндірушіге шығын әкеледі.
Салалық одақтардың басшылары нарық сапасыз импорттан қорғалғанда және азық-түлік өнімдерінің көлемін ұлғаюына мүмкіндік беретін ынталандырулар болған кезде ғана дүкен сөрелерінде қазақстандық өнім көбейетінін айтады. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне де, ішкі нарығымыздың тұрақтылығына да оң әсер етеді деп есептейді.