Атырау маңындағы 180 шаруа қожалығын су басу қаупі төніп тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
шаруа қожалығын
180 шаруа қожалығын су баса ма? Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Атырау маңындағы 180 шаруа қожалығын су басы қаупі бар. Қазіргі кезде 265 шаруа қожалығының 37-сін су басқан. Яғни 3120 гектар жерге тасқын су жайылған. Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдай жедел штабы хабарлады.

Соның ішінде Соколок өзені бойы, Алмалы мен Еркінқала ауылдық округтері 18 мал шаруашылығы, 19 егін шаруашылығы тіркелген.

«Су басқан шаруа қожалықтарындағы мал басы қауіпсіз аймаққа көшірілді. Адам шығыны мен үйлерді су басу жағдайы орын алған жоқ. Алайда «Алтын сазан» демалыс орны мен «Адай» дүкені зардап шекті. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан қиын жағдайда қалған шаруа қожалықтарына техника, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар, бөгет салу, және малға қажетті жем-шөппен көмек көрсетіліп жатыр», – дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.

Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтері мен Атырау қаласы маңында барлығы 180 шаруа қожалығы су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Қауіпті аймақтарда тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған.

Ал ауыл шаруашылығына келген шығынды өтеу бойынша қалалық комиссия құрылып, сол арқылы шаруа қожалықтарының иелеріне өтемақы төленбек.

2024 жылы наурыз айының ортасынан бастап Қазақстанның өңірлері су тасқынынан зардап шекті. Елде мұндай алапат су тасқыны соңғы 80 жылда болмаған.  

Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан келген залалды апта соңына дейін есептеп бітіруді тапсырған. Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмыстар кейбір өңірде баяу жүріп жатқанын айтты. Премьер-Министр орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жалпы 12 мыңнан аса үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54%-ы, атап айтқанда, тек 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құнын бағалау жүргізілді. Ақтөбе облысында көрсеткіш 73%, яғни 3679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланған.

Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктері өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқтаған деп есептеуге болады

Су тасқынынан Қазақстанға келген экономикалық шығынды есептеу бойынша Үкіметке Дүниежүзілік банк көмектесетін болады. Қазақстан билігі халықаралық қаржы ұйымына осындай өтінішпен жүгінген.

Сондай-ақ оқыңыз