Қор нарығына шолу: акция жарысы баяулады, АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына сұраныс төмен, инвесторлар инфляциядан қорқады
ФРЖ-ның қазіргі экономикалық жағдай туралы есебі шығар алдында АҚШ-тың үш негізгі индексі күрт төмендеді. Есепте бағаның жақын болашақта қалыпты қарқынмен өсетіні және бұл ақша-несие саясатының жылдам жұмсара қоймауына әсер ететіні жайлы айтылған. Қор нарығында америкалық акциялар бәйгесінің жақын арада тоқтайтыны байқала бастады. Осы және басқа тақырыптар туралы 29 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.
Трейдерлер акцияның төмендеуіне дайындалып жатыр
АҚШ-тың қор нарығында америкалық акциялардың бәйгесі жақын арада аяқталатынын білдіретін белгілер пайда болды деп жазады Bloomberg. Nasdaq индексіндегі 57 акция 2024 жылдың басынан бері 150%-дан аса қымбаттаған. Бірақ трейдерлер акцияның одан әрі өсуіне арналған келісімшарттарды сатып алып жатқан жоқ. Колл-опциондарға (келісімшарттарға) сұраныстың болмауы қазіргі баға бәйгесінің ең жақсы кезі аяқталғанын көрсетеді.
RBC Capital Markets компаниясының деривативтік стратегиясының басшысы Эми Ву Силверман: «Бұрын біз осы FOMO цикліне жеткенде (нарықтағы инвесторлардың алаңдауы және пайданы жіберіп алудан қорқу) мұны «колл-ға» сұраныстан да көретінбіз, – деді.
Макроэкономикалық көрсеткіштер де раллидің біртіндеп басылуына ықпал етеді. Нарыққа дем беретін негізгі факторлар – ФРЖ жұмсарады деген үміт пен жоғары корпоративтік пайда табу да – кейін шегінуде.
Корпорациялардың кірісі туралы соңғы есептер наурыз айындағыдай тәуекел жасауға түрткі бола алмады. «Жалпы алғанда, нәтижелер жақсы деуге болады, бірақ үнемі колл сатып алуға ұмтыларлықтай емес», – деді Nations Indexes президенті Скотт Найнс.
Жалпы S&P500 индексі бойынша бір айлық ақшасыз колл-опциондар құнын өлшейтін CallDex индексі өткен аптада жыл бойындағы ең төменгі деңгейге жақындады.
Мемлекеттік облигацияларға аптадағы үшінші аукционда да сұраныс төмен болды
АҚШ-тың қазынашылық қағаздары сатылған аптадағы үшінші аукцион сәрсенбі күні өтті. Бастапқы екеуі сияқты, онда да сұраныс төмен болды деп жазады MarketWatch. Бұл саудаға шығарылған жеті жылдық қағаздардың табыстылығын арттырды.
Сауда көлемі 44 млрд доллар болды деп атап өтті Bloomberg. Аукцион алдында табыстылық 4,637% деп белгіленді. Бірақ сауда барысында сұраныстың төмен болуына орай, ол 4,650%-ға дейін көтерілді. Апта басында бұдан бөлек тағы екі аукцион (139 млрд долларға) өткен болатын және екеуінде де табыстылық жоғарылады.
Саудадан кейін трейдерлердің қолында шамамен 20% қағаз қалды. Бұл жағдай ФРЖ саясатына қатысты дүдәмалдықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені бүкіл әлемде инфляцияның баяулауы ақырын жүріп жатқанын көрсететін белгілер бар. BMO Capital Markets стратегтері Ян Люнген мен Вейл Хартман «инвесторлар инфляцияға қатысты жақын арада ақша-несие саясаты жеңілдейтініне сенімді дәлел іздеп отыр» деп санайды.
Америкалық нарық күрт төмендеді: инвесторлар инфляцияның өсуінен қауіптенеді
АҚШ-тың үш негізгі индексі сәрсенбіде ФРЖ экономикалық есебін жариялау қарсаңында және АҚШ-тың қазынашылық табыстылығының өсуі аясында күрт төмендеді. Dow өнеркәсіптік индексі 1%-ға қысқарды, S&P 500 0,74%-ға төмендеді, ал Nasdaq Composite 0,58%-ға түсті. S&P 500 кең индексін құрайтын барлық 11 сектордың да саудадағы бағасы төмендеді деп жазады CNBC. Dow-дың да үштен екісінен астам акциясының бағасы құлдырады.
Мұндай динамика трежериздің (мемлекеттік облигациялардың) табыстылығының өсуіне байланысты. Мысалы, он жылдық қағаздар 4,6%-дан асты. LPL Financial компаниясының бас технологиялық стратегі Адам Тернквист: «Қазіргі таңда бәрі пайыздық мөлшерлемеге тәуелді», – деді. 10 жылдық және 2 жылдық қағаздардың табыстылығы «қолайсыз деңгейге» дейін көтерілді, бұл инвесторларды алаңдататын жайт.
Алайда аптаның қолайсыз басталғанына қарамастан, S&P 500 индексінің бір айдағы негізгі орташа көрсеткіштері жақсы болып тұр – ол 5% өсіммен жабылуы мүмкін. Dow бір айда 1,5%-ға, Nasdaq 8%-ға өсті.
ФРЖ-ның есебі бизнестегі пессимизмді байқатты
29 мамырда ФРЖ-ның Америка экономикасының ахуалы туралы есебі жарық көрді. Федералдық резерв экономика өсіп келе жатқанын айтады, бірақ бизнесте пессимизм бар деп жазады Market Watch. Осылайша, ФРЖ-ға тиесілі 12 аймақтық банктің 10-ы наурыз айында экономиканың шамалы өскенін мәлімдеді. Бірақ кәсіпорындардың ұнжырғасы түсіп кеткен секілді.
ФРЖ: Инфляция қайта өсті, бірақ тұтынушылардың сұранысының төмендеуі кейбір кәсіпорындарды бағаны көтеру мәселесін қайта қарауға және азырақ пайда табуға келісуге мәжбүр етті деп отыр. «Жалпы алғанда, инфляция тұрақты болып тұр және бағаның өсуі жақын болашақта қалыпты қарқыннан аспайды», – дейді есеп.
Еңбек нарығы да тұрақты болып қала береді. Сәуір мен мамырдың аяғында жұмыспен қамту көрсеткіштері ақырын көтерілген. Еңбекқының өсуі әлі баяу жалғасып жатыр және «пандемияға дейінгі нормаларға» қайта оралуда.
Сонымен бірге есепте экономикаға зиян келтіретін саяси жағдайлар көбірек сөз болған. Сауалнамаға қатысушылардың көбісін АҚШ президентін сайлау алаңдатады. Сол үшін кейбір кәсіпорындар даму жоспарын кейінге қалдырып, шығынын азайту үстінде. Израильдің ХАМАСПЕН әскери қақтығысы да көпшілікті уайымдатып отыр.