Жаңалықтар

UiPath акциясы бас директоры ауысады деген хабардан соң 30%-ға арзандады

1 маусымнан бастап UiPath-ті Даниэль Данс басқарады / Фото: Facebook/UiPath

Бизнес процестерін роботты-автоматтандыру бағдарламаларын жасайтын UiPath компаниясының акциясы сәрсенбі, 30 мамырда, кеңейтілген саудада 30%-ға арзандады. Оған компанияның бас директоры Роб Энслиннің 1 маусымнан бастап отставкаға кететіні, оның орнына құрылтайшының бірі Дэниел Дайнс келетіні жайлы хабарландыру түрткі болды. Дэниел Дайнс 31 қаңтарда бірлескен бас директор қызметінен кеткен болатын деп жазады CNBC.

Толығырақ

Инвесторлар америкалық UiPath бизнес-процестерді автоматтандыру платформасының акцияларын оның бас директоры Роб Энслиннің 1 маусымнан бастап кететіні мәлім болғалы бері сата бастады. Оның орнына компанияның негізін қалаушы Даниэль Данс келеді. Ол 31 қаңтарға дейін тең бас директордың бірі болып қызмет атқарды.

Энслин жұмыстан шығу туралы шешімді «ұзақ ойлана келе» қабылдағанын айтып: «UiPath біздің клиенттеріміз бен серіктестеріміздің жасанды интеллект және автоматтандыру нарығындағы мүмкіндіктерін арттыра беретініне сенімдімін», – деп мәлімдеді дейді CNBC.

Кадрлық өзгерістер туралы хабар тарағаннан кейін, компанияның акция бағасы Нью-Йорктегі постмаркетте 28,85%-ға –13,02 долларға дейін төмендеді. Осылайша, UiPath қағаздарының құны қазір компанияның 2021 жылдың сәуірінде өткізген IPO бағасынан 6 есе төмен болып тұр. Ол тарихтағы ең ірі бастапқы ұсынымдардың бірі болған еді деп атап өтті CNBC.

Контекст

UiPath-тың болашақ басшысы Дэниел Дайнс – оның негізін қалаушылардың бірі. Ол компанияны 2005 жылы құрып, оны өзі басқарды. UiPath қағаздары биржаға шыққаннан бастап – листингтен кейінгі серпілісті қоспағанда – біртіндеп арзандай берді, олар ешқашан бастапқы бағасынан жоғары сауда жасай алмады. Компания жаңа леп әкелу үшін 2022 жылы Роб Энслинді жалдады. Сөйтіп ол Google Cloud-тан UiPath-қа ауысты деп еске салады CNBC. Сол кезде Дайнс оны UiPath-ты дамытуға «тәжірибесі мен дағдысы сай келетін» жетекші деп атады. Дайнстың өзі «өнімдердің инновациясы мен мәдениетіне» көңіл бөлуді жоспарлады. Біраз уақытқа дейін екі топ-менеджер де бас директор қызметін бірлесіп атқарды. Бірақ 2024 жылдың ақпанынан бастап Энслин компанияны жалғыз басқарып келді. Жыл басынан бері UiPath акциялары 26,3%-ға (сәрсенбідегі құлдырауды қоспағанда) арзандады.

Қаржы есебі

Сонымен бірге, сәрсенбіде UiPath 2025 қаржы жылының бірінші тоқсанындағы кіріс туралы хабарлады: кіріс жылдық есепте 16%-ға – 335 млн долларға дейін артты. Бұл LSEG-тің 333 млн доллар деген консенсус-бағалауынан жақсырақ. UiPath-тың бір акцияға шаққандағы шығыны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 0,6 доллардан 0,5 долларға дейін азайған.

Осы орайда қаржы директоры Ашим Гупта көпжылдық мәмілелерді сату циклы ұзарып, UiPath клиенттері «мәмілелерді тексеруді күшейтіп» жатқанын ескертті. Оның айтуынша, бұл факторлар, сондай-ақ басшылықтың ауысуы жаңартылған жылдық болжамға әсер етті деп хабарлайды CNBC. Енді UiPath қаржы жылының қорытындысы бойынша кіріс шамамен 1,4 млрд доллар болады деп санайды. Бұған дейін ол 1,55–1,56 млрд доллар кірістен дәмелі болатын. 

Сарапшылар не дейді?

Уолл-стрит UiPath акциясының бағасы 27,5 доллар болады деп консенсустық болжам жасап отыр. Бұл сәрсенбідегі негізгі сессияның жабылу бағасынан 45,5%-қа өседі дегенді білдіреді. MarketWatch мәліметтері бойынша, компанияның қағаздарын қадағалап отырған 24 сарапшының жартысы оларды сатып алуды, ал жартысы портфельде ұстауды ұсынады. UiPath акциясын сату керек деген ұсыныс болған жоқ.