Қазір әлемде салтанат құрып тұрған сан алуан басымдық бар. Әсіресе, соңғы екі жыл бедерінде соғыс өрті көп тұтана бастады. Одан бөлек, билік үшін тартыс, әлеуметтік қайшылық, саяси полярлану үдерістері де аса қарқынды жүріп жатыр.
Project Syndicate сарапшыларының айтуынша, әлемдік көшбасшылардың жоғарыда айтылған құндылықтарға еліткені сонша, олар жаһандық экономикалық интеграцияны сақтау саласына инвестиция құюды тасада қалдырып отыр. Олар тарих, экономикалық теория және заманауи эмпирикалық үрдістер мұндай әрекеттің қате екенін көрсететінін айтады.
«Қазіргі уақыттағы экономикалық перспектива өте қызық жағдайда қарама-қайшы келіп отыр. Технология мен энергетика үстемдігі орнаған жаһандық нарық қысқа мерзімді табыстарға кенеліп жатыр. Ал Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры секілді әйгілі ұйымдар отырысындағы көңіл-күй мүлде басқаша. Олар экономикалық фрагментацияның өсіп келе жатқан тәуекелдері туралы қатты ескертулер жасады.
Өзара үйлесім тапқан жаһан экономикасы 200-ге жуық мемлекеттің ұлттық тәуелсіздігіне негізделген геосаяси жүйе аясында жұмыс істей алады деген идея 1930 жылдарға дейін өмір сүріп келді. Кейін де бұл идеалистік пиғыл біржола күйреген жоқ және жаһандық жүйе де келісілген ережелер, жалпы халықаралық институттар белгілі бір дәрежеде өзара төзімділік пен дағдарысты басқару негізінде қайта құрылды. Әу бастан ақ қауіпсіздік мәселесі экономикадан мейлінше аластатылды. Бірақ бұл 1990 жылдары ерекше маңызға ие болды. Себебі осы кезде радикалды әртүрлі режимдегі елдер әлем экономикасына интеграциялана бастады», – деп жазады мақала авторлары.
Алайда қазіргі сәтте бұл жүйе бұзылып, жаһандық экономикалық интеграция кері сипат алған секілді. Халықаралық валюта қоры басқарушы директорының бірінші орынбасары Гита Гопинатхтың түсіндіруінше, сауда саласы үшін экономикалық бөлшектенудің салдары тым ұзаққа созылуы бек мүмкін. Тиімділіктің төмендеуі тұрғысынан да, макроқаржылық құбылмалылық тәуекелінің жоғарылауы тұрғысынан да. Сонымен қатар бөлшектену жаһандық оңтүстікке келетін капитал ағынын да қысқартады және жаһандық қоғамдық тауарларды, соның ішінде климаттың өзгеруіне қарсы күресті қамтамасыз етуге нұқсан келтіруі мүмкін.
Бұл фрагментация тенденциясына 3 негізгі фактор ықпал етеді.
Бірінші. Өсіп келе жатқан геосаяси тәуекелдер сенімсіздікті күшейтті және жүйелі маңызды елдердің ынтымақтастыққа деген ұмтылысын азайтты. Соған қарамастан саясаткерлер Қытай – Америка қарама-қайшылығының ыстық нүктесі іспетті болып тұрған Тайвань төңірегіндегі дағдарысты мойындай бермейді. Ал ол, шын мәнінде, жаһандық экономикалық жүйенің тас-талқанын шығаруы мүмкін.
Екінші. Маңызды елдер қауіпсіздік мәселелеріне экономикалық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Ал кейбіреулері ресурстарға, инфрақұрылымға және технологияларға қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін кең ауқымды шаралар қабылдауда. Түсінікті болғанымен, елдер ұстамдылық танытуы керек. Жаһандану біртіндеп жүрсе де, қауіпсіздік шараларына негізделген жаһандану процесі (бәсекелестер мен серіктестер тарапынан шиеленіс туындайтынына кепілдік беріледі) тез және ауыр болуы мүмкін. Бұл үлкен жүйелік тәуекелдерді тудырады.
Үшінші. Экономикалық фрагментацияның негізінде жаһандық оңтүстік пен жаһандық солтүстік арасында тым тереңдеп кеткен айырмашылық жатыр. Дамушы елдердің мемлекеттік және жеке қолдауы көптеген адам COVID-19 пандемиясының салдарымен күресіп, климаттың өзгеруімен арпалысып жатқан кезде-ақ тоқтады.
«Дамыған елдерге мейлінше таяп қалған он жылдық тенденция үзіліп қалды. Жаһандық оңтүстікте көңіл толмаушылық өрістеп келе жатыр. 2023 жылы дамушы елдердегі таза қаржы ағыны толықтай теріс мәнде болды, ал 2024 жылы бұл үрдіс одан әрі нашарлауда. Мұның негізгі себебі – көптеген дамушы елдердің Ресейге санкция салу секілді геосаяси мәселелер бойынша батысқа қолдау білдіре қоймауы, бұл істе құлықсыздық танытуы», – дейді сарапшылар.
Әлемдік экономиканың даму келешегі қандай
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметі бойынша, биыл жаһандық жалпы ішкі өнім 3,1 пайызға артуы мүмкін. Ұйым болжамынша, әлем экономикасы дамуының басты қозғаушы күші – АҚШ. Құрама штаттардың экономикалық өсімі 2,6 пайыз деңгейінде күтіледі.
БҰҰ да осындай пайымға келіп отыр. Олардың ойынша әлем экономикасы бұрын күтілгеннен де жылдамырақ өсім көрсетпек.
«Еуропа экономикасындағы жағдай әрине, біркелкі емес. Еуроодақта, еуро аймағында экономикалық белсенділік 2024, 2025 жылдары біртіндеп қалпына келеді деп күтіледі», – деп мәлімдейді.
Халықаралық валюта қорының да көзқарасы позитивті көңіл-күйге келіп саяды.
«Өсімнің біркелкі болмауына және қазіргі қиындықтарға қарамастан, әлемдік экономикадағы орнықтылық сақталып отыр. Директивалық органдар мемлекеттік қаржыны нығайту және экономикалық өсу перспективаларын жандандыру сияқты экономикалық тұрақтылықты арттыру шараларына басымдық беруі керек. Пандемиядан кейінгі жеткізу тізбегінде үзілістердің туындауы, Ресейдің Украинаға қарсы соғысынан туындаған энергетикалық және азық-түлік дағдарысы, инфляцияның айтарлықтай өсуі, бүкіл әлемде бір уақытта болған ақша-несие саясатының қатаңдатылуы жағдайды біршама күрделендіріп қойды», – дейді олар.
2022 жылдың соңында әлемдік экономиканың өсуі инфляцияның орташа жалпы деңгейі 9,4 пайызға жеткеннен кейін көп ұзамай ең төменгі 2,3 пайызға дейін баяулады.
«Әлемдік экономиканың даму перспективалары» баяндамасында ұсынылған соңғы болжамдарымызға сәйкес, биыл және келесі жылдары өсу қарқыны 3,2 пайыз деңгейінде тұрақты болады. Ал инфляцияның орташа жалпы деңгейі 2024 жылдың соңындағы 2,8 пайыздан 2025 жылдың аяғында 2,4 пайызға дейін төмендейді», – делінеді ХВҚ мәлімдемесінде.
Халықаралық ұйым соңғы төрт жылдағы дағдарыстар экономикаға аз зиян келтіреді деп болжайды.
«Дегенмен бағалау әр елде әртүрлі болады. АҚШ экономикасының өсуі пандемияға дейінгі үрдістен асып түсті. Алайда қазір біз табысы төмен дамушы елдерге айтарлықтай зиян келтіреміз деп болжап отырмыз. Олардың көпшілігі әлі де пандемия мен өмір сүру құны дағдарысының әсерінен қалпына келмеді. Тұрақты өсу және жылдам дезинфляция ұсыныс жағдайының қолайлы өзгеруін, соның ішінде энергия нарығындағы бағаның әлсіреуін және экономикасы дамыған көптеген елге иммигранттардың айтарлықтай ағынының арқасында жұмыс күші ұсынысының айтарлықтай жандануын көрсетеді. Ақша-несие саясатының қабылданған шаралары инфляциялық күтулерді нығайтуға ықпал етті. Тіпті оның әсерін беру әлсіреген болуы мүмкін, өйткені белгіленген мөлшерлемемен ипотекалық несиелер көбірек таралды. Осы қолайлы өзгерістерге қарамастан көптеген проблеманың күрмеуі тарқатылған жоқ және әлі де шешімді әрекетті қажет етеді», – деп жазады.
Сарапшылар инфляцияны мақсатты деңгейге дейін төмендету әлі де басым міндет болуы керек деп отыр. Олардың айтуынша, инфляция көрсеткен оң тенденцияларға қарамастан, біз әлі қалаған нәтижеге жете алмадық. Инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне жетудегі прогресс жыл басынан бері біршама баяулап қалды.
«Бұл уақытша тежеліс болуы мүмкін. Алайда сергек отыруға себеп әлі де болса баршылық. Энергия тасымалдау және азық-түлік бағасының төмендеуі көп жағдайда инфляцияға қатысты жақсы жағдай туғызады. Соңғысына жеткізу тізбегіне байланысты үдерістің әлсіреуі, сондай-ақ Қытайдағы экспорттық бағаның төмендеуі ықпал етті. Бірақ соңғы уақытта геосаяси қиындық әсерінен мұнай бағасы өсіп келе жатыр. Ал қызмет көрсету саласындағы инфляция тұрақты түрде жоғары болып қала беруде. Қытай экспортына қатысты жаңа сауда шектеулерінің енгізілуі тауар бағасының инфляциясын тудыруы мүмкін», – дейді ХВҚ.