Freedom Holding Corp басшысы және компания негізін қалаған Тимур Турлов Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайына иелік ететін компания – Sky Service акцияларының басым бөлігін сатып алған. Қазір оның Turlov Private Holding компаниясы әуежайдың 60% акциясына иелік ететінін «Курсивке» растады.
Мәміле мамыр айында жасалған. Алайда оның шарттары жарияланбады. Egov порталында Sky Service құрылтайшылары – Turlov Private Holding, «Верный Капитал» холдингінің бұрынғы бас директоры Ерлан Оспанов және сол компанияның қазіргі топ-менеджері Айдан Ақанов деп көрсетілген. Турлов Sky Holding капиталына кіргенге дейін компанияның 95%-ы Оспановқа тиесілі болған. Қазір Оспанов – 35%, Ақанов 5% акциясына иелік етеді.
Оспанов пен Ақанов әуежайдағы үлестерін былтыр жыл соңында сатып алған. Бұған дейін Қарағанды әуежайының 40%-ы Өтемұратовтың бақылауында, ірі үлестері «ҚазМұнайГаз» сауда үйі басшысының орынбасары Рүстем Бектұров пен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» басшысының бұрынғы орынбасары Әлжан Имашевқа тиесілі болды.
Turlov Private Holding «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Турловпен қатар, акционері Ольга Баскакова деп көрсетілген. Кәсіпорынның негізгі қызметі – жеке қаражаты есебінен инвестиция салу. Оның активтері қатарында бағалы және сирек металл өндіретін Central Asia Corp. және Central Asia Gold Production, «Ай Қараауыл» мыс кәсіпорны және «Семей цемент зауыты» бар.
Сондай-ақ 29 мамырда Sky Service өзінің еншілес компаниясы – «Сары-Арқа» әуежайының облигацияларын 23 миллион долларға орналастыру туралы шешім қабылдаған. Соның ішінде құны 11,5 млн доллар болатын бағалы қағазды Freedom Finance Global сатып алып, номиналды ұстаушыға айналған. Ал облигацилардың қалған бөлігін Callabro компаниясы сатып алды. Бұл компания Елдар Тұяқовқа тиесілі.