Жаңалықтар

Құлсарыда қызмет барысында өрт сөндіруші қайтыс болды

Қызмет барысында өрт сөндіруші қайтыс болды/Фото: ТЖМ

Құлсары қаласында авариялық-құтқару жұмысы кезінде өрт сөндіруші қайтыс болды. Атырау облысы ТЖД №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бейбарыс Рақым қызмет барысында қаза тапты. Бұл туралы ТЖМ хабарлады.

«29 мамырда Атырау облысы Жылой ауданының Құлсары қаласында су сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Атырау облысы ТЖД №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі 2001 жылы туылған азаматтық қорғау сержанты Бейбарыс Жалғасбайұлы Рақым қайтыс болды», – делінген хабарламада.

Министрлік оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлімеді. ТЖМ марқұмның отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді.

Бұған дейін Құлсарыда екі адам суға батып кеткені хабарланды. 23 мамыр күні хабарсыз кеткен ер адамның мәйіті Қамыскөл көлінен табылған. Ал Индербор ауылының маңында 15 жасар жасөспірім суға кетіп қалған. Құтқарушылар баланың денесін 29 мамыр түнде судан алып шыққан.

Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметінше, Жайық өзеніндегі су деңгейі әлі жоғары. Индербор ауылының маңыза су бір тәулікте 8 см түскенімен, шекті 8,5 метрден әлдеқайда асып тұр.

Атырау облысындағы Құлсары қаласына тасқын суы 5 сәуірде кірді. Су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалған. Жалпы Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан. Қазіргі кезде басым бөлігі судан құрғатылған.