Үкімет Мәжілістің қарауына Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ұсынады. Бұл қаланы рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін қажет. Заң қабылданса, қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады.
Құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.
«Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды», –делінген хабарламада.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау үшін оның жанында биікті 7 метрден асатын нысан салуға болмайды. Жалпы Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамаға сәйкес олардың қорғау аймақтары белгіленбек. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады.
Бұл ретте қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады. Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Ол археология ескерткіштер тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатын көздейді. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді.
Ұлттық экономика министрлігі Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін арнайы заң әзірленіп жатқанын жыл басында хабарлаған.