2024 жылғы қаңтар-сәуірде республикалық бюджеттің атқарылуы нашарлаған
2024 жылғы қаңтар-сәуірде республикалық бюджеттің атқарылуы одан әрі нашарлаған. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, биыл 4 айда 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің жалпы түсімдері 5,59 трлн теңгені құрады. Соның ішінде салық түсімдері 3,24 трлн теңгені құрап отыр.
Қаңтар-сәуір айларында бюджет кірісі 78,2% орындалған, бұл қаңтар-наурыздағы (79,5 %) кірістің орындалуымен салыстырғанда төмен.
ҚР Қаржы министірлігінің республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебінде салық түсімдерінің орындалуы 77,1% немесе 3,24 трлн теңге болған. Салықтық түсімдер орындалуын қаңтар-наурызбен (78,9%) салыстырсақ, бұл көрсеткіштің де орындалуы нашарлаған.
Үкімет кепілдендірген трансферттің 77%-ын жұмсап үлгерді
Жалпы 2024 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт бөлу жоспарланған. Оның 2 трлн теңгесі бюджеттің ағымдағы шығыстарын жабуға жұмсалатын – кепілдендірілген трансферт. Бұл әлеуметтік көмек, зейнетақы төлеу т.б әлеуметтік төлемдер үшін аударылатын қаржы. Ал қалған 1,6 трлн теңге – нысаналы трансферт. Осы қаржы қажетті инфрақұрылым (мектеп,жол, аурухана т.б) салуға бағытталады.
Қаржы министірлігінің 1 мамырындағы есебінде 4 айда Ұлттық қордан (ҰҚ) Республикалық бюджетке 1,95 трлн теңге трансферт бөлінгені жазылған. Яғни 2024 жылға бекітілген 3,6 трлн теңге жалпы трансферттің 1,95 трлн теңгесін (немесе 54,2%) Үкімет 4 айда жұмсап үлгерді. Енді ҰҚ трансферті құрылымындағы «кепілдендірілген трансферт» көлеміне қарасақ, Үкімет оның 77,0%-ын немесе 2 трлн теңгенің 1,54 трлн теңгесін жұмсап үлгерген. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл – Үкіметтің Ұлттық қордан алатын басты трансферт көзі.
Ұлттық қордан алынатын трансферттің екінші түрі – «нысаналы трансферт». Оның 2024 жылға арналған көлемі 1,6 трлн теңге. Бұл – Президент жолдауында айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларына және өзге де маңызды инфрақұрылымға кететін шығыс. 4 айда Үкімет нысаналы трансферттің тек 25,7% орындаған немесе 1,6 трлн теңгенің тек 411 млн теңгесін алған.
Қарыз 2 есе өсті
Қаңтар-наурыз айларында Қаржы министрлігі тартқан мемлекеттік қарыздың нақты көлемі 1,86 трлн теңгені құрады. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 2,2 есе артық және рекордтық көрсеткіш. Қаржы министрлігі алдыңғы төрт жылдың қаңтар-наурызында мемлекеттік қарыздың дәл осындай көлемін (2,1 трлн. теңге) дерлік шығарған. Былтыр Қаржы министрлігі 4,75 триллион теңге көлемінде мемлекеттік қарыз тартты, яғни 2024 жылдың қаңтар-наурызында өткен жылдың барлық берешегінің 40% пайызы берілді.
Жағымсыз динамика
Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен елдімекендер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің динамикасы өте жағымсыз, бұл су тасқыны мен олардың экономика үшін салдарын ескере отырып, алдағы айларда көріністі одан әрі нашарлатуы мүмкін. Су тасқыны тек шығынға ғана емес, салық жинаудың азаюына және қалпына келтіру кезеңіне салық жеңілдіктерінің берілуіне әкелетіні айқын.
Теңгенің күшеюі бюджетке тиімсіз
Бюджеттің басым бөлігі мұнай-газ, тау-кен өндірісіне тәуелді. Пайдалы қазбалы сектор өндірген тауарды валютаға сатады. Сәйкесінше ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты бағамының күшеюуі бюджетке салық түсімдерінің көп түсуіне кедергі келтіреді. ҰБ дерегі бойынша, теңгенің 2024 жылдың І тоқсанындағы орташа бағамы 450,3 USD/KZT дейін күшейгенін көруге болады. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының нығаюы экономика үшін бірқатар жағымсыз салдарларға әкеледі. Өйткені ол шетел валютасын айырбастау арқылы сатқанда бюджетке теңге түсімінің азаюына әкеп соғады. Сонымен қатар бюджет пен Ұлттық қорға салық түсімдерінің бір бөлігі АҚШ долларының айырбас бағамы бойынша түсетінін ұмытпауымыз керек.
Осылайша республикалық бюджеттің атқарылуы айтарлықтай нашарлап келеді. Фиксальды саясаттың төмен динамикасы экономиканың өсуіне, инвестициялық климаттың нашарлауына алып келуі ықтимал.