Қазақстанда туысы бар шетелдіктерге қазақ тілі мен тарихты білмесе де азаматтық беріледі – ІІМ

Жарияланды (жаңартылды )
азаматтық
Азаматтық беруге қатысты енгізілетін талаптар кәмелеке толмаған балалар мен этникалық қазақтарға қолданылмайды /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға өзгеріс енеді. Ол өзгерістерге сәйкес қазақ тілі мен Қазақстан тарихын базалық деңгейде білмейтін адамдарға Қазақстан азаматтығын беруден бас тартылады. Десе де, кей тұстарда қазақ тілін білмейтін шетелдіктерге азаматтық жеңілдетілген тәртіппен берілуі мүмкін екен. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің «Курсивке» берген жауабында айтылған.

Министрліктің хабарлауынша, заңда қаралған бұл талаптар кәмелет жасқа толмағандарға, этникалық қазақтарға, сонымен бірге Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген немесе елде кәсібі бар азаматтарға және Қазақстан Президенті белгілеген тізбедегі талаптарға сәйкес келетін адамдарға қолданылмайды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде оңайлатылған тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарға тіл мен тарихты білу талаптары керек емес.

Бұл орайда Қазақстан бірнеше елмен оңайлатылған тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқық беретін халықаралық шарттарды ратификациялаған. Атап айтқанда, Қазақстан Беларусь Республикасымен, Қырғыз Республикасымен және Ресей Федерациясымен арадағы азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келiсiмге келген. Ол келісім бойынша келесі санаттағы шетелдіктер Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады:

  • өтініш берушінің Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтығы бар жақын туыстарының бірі – зайыбы, ата-анасының бірі, асырап алушысы, баласы, оның ішінде асырап алған баласы, әпкесі, ағасы, атасы немесе әжесі, немересі тұратын болса, оңайлатылған тәртіппен азаматтық беріледі;
  • егер, өтініш беруші Қазақ КСР азаматы болса яғни, 1991 жылғы 21 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының аумағында туған немесе тұрған болса, оның жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу құқы бар.

Сонымен бірге «Ерлі-зайыпты әйелдердің азаматтығы туралы» конвенцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматына тұрмысқа шыққандарға азаматтық жеңілдетілген тәртіппен беріледі.

Айта кетейік, енгізіліп жатқан заң нормаларына сәйкес, азаматтыққа қабылдау немесе қалпына келтіру туралы өтініш білдірген адамдардың білім деңгейін айқындайтын сертификатты ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган береді.

Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі 2024 жылдың 20 мамырында қазақ тілін білмейтін шетелдіктерге Қазақстан азаматтығы берілмейтіні туралы хабарлады.

Министрлік бұл заңды 24 мамыр күні талқылауға шығарған болатын. Ол құжатта мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихын білмейтін адамдардың азаматтық алуға өтініші қабылданбайтыны жазылған. Азаматтық алуға ниетті адамдар қазақ тілін қарапайым деңгейде білуі керек.

Яғни Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау тәртібіне сәйкес азаматтық алғысы келетіндер арнайы құжаттармен бірге мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білу туралы сертификат тапсыруы керек болады.

Сондай-ақ оқыңыз