Павлодар облысының жер қатынастары бөлімінің басшысы 3 жылға сотталды

Жарияланды
Жер бөлімі
Павлодар облысы жер қатынастары бөлімінің басшысы 3 жылға сотталған /Фото: kursiv.media

Павлодар облысының жер қатынастары бөлімінің басшысы жер учаскелерін заңсыз бергені үшін сотталды. Бұл жайлы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокурорлық тексеріс барысында Павлодар облысы, Ертіс ауданының жер қатынастары бөлімі басшысының 3 мың гектардан асатын 2 жер учаскесін ірі шаруашылыққа заңсыз бергені анықталған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол оң қорытынды алу үшін жер қатынастары бөлімі жер комиссиясының қарауына жер учаскелерінің пайдалану мақсатын бұрмалап көрсетіп, теріс деректер ұсынған.

Атап айтқанда, елдімекендер жерлерінің санатын босалқы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер деп ауыстырған.

Прокуратура мәліметінше, мұндай әрекеттердің салдарынан мемлекетке жерді жалға алғаны үшін шаруашылық 80 млн теңгедей төлемеген. Сондай-ақ жайылымдардың тапшылығы салдарынан жеке мал басын мәжбүрлеп төмендеткен ауыл тұрғындарының құқықтары бұзылған.

Прокурорлар заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берген.

«Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Осы жылдың 22 мамырында сот үкімімен жер қатынастары бөлімінің басшысы ҚК-тің 361-бабының 4-бөлігі 3)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың желтоқсанында Жамбыл облысының прокуратурасы Байзақ аудандық әкімдік қызметкерінің 500 га жер учаскесіне қатысты мәліметтерге заңсыз өзгеріс енгізгенін анықтаған болатын. Нәтижесінде 300 га астам жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Аталмыш жер телімі ауыл шаруашылық мақсатында қолданылуы тиіс болған.

Сонымен бірге Қарағанды қаласы әкімдігі 158 млн теңге болатын жерді коммерциялық мақсатқа заңсыз бергені белгілі болды. Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық прокуратурасының араласуымен 4 гектар болатын коммерциялық мақсаттағы 14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыз