Мемлекеттік аудит қорытындысы: Алматы облысының бюджеттік атқарылуынан 17 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды

Жарияланды
Жоғар аудиторлық палата Алматы облысының бюджеттік атқарылуынан 16,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтаған / shutterstock

Жоғары аудиторлық палата Алматы облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, нәтижесінде 16,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Бұл жайлы палата төрағасы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен трансферттерге тым тәуелді екені анықталған.

«Жеке инвестициялардың ресурстары толық қолданылмайды. Мердігерлік ұйымдардың бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіруі салдарынан болатын жүйелік проблемалар жергілікті бюджетке қосымша жүктеме салған»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Осындай бұзушылық салдарынан, 2022 жылы құны 129 млрд теңгеден асатын 110 жоба және 2023 жылы 110 млрд теңгеден асатын 81 жоба нормативтік мерзімде аяқталмаған. сонымен бірге 2021 жылы басталған 5 автожолдың құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландырылмай қалған. Дәл солайша 10 жыл бұрын басталған G4 City жобасы аясында қазіргі Алатау қаласының объектілерімен байланысты бұзушылықтар анықталған.

Сонымен бірге «Қонаев» ӘКК» АҚ «айналым схемасы» арқылы бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыруға алынған 4 млрд теңге кредиттік бюджет қаражатының тек 1,5 млрд теңгесі (38%) жұмсалған. Ал қалған 2,5 млрд теңге банк шоттарында қалып, жүйелі түрде депозиттерге салынып отырған.

«Алматы облысында жалпы сомасы 16,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 12,2 млрд теңгесі бухгалтерлік есепті жүргізуге қатысты. Бүгінгі таңда аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың 96%-дан астамы жойылды. Сондай-ақ 485 рәсімдік бұзушылық және 20 жүйелік кемшілік анықталды. Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған бұзушылықтарды жою үшін орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге тиісті қорытындылар мен ұсынымдар берді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, осыған дейін Жоғары уадиторлық палата Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметінен бірқатар олқылықты анықтаған болатын. Алматы қалалық бюджетінен қомақты қаражат Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының жекелеген мемлекеттік қызметкерлеріне сыйақыға жұмсалған. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйақы төленген. Жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға сыйақы беріліп келген. Салдарынан іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға қажетті сома төленбеген. Сонымен бірге сыйақыға лайық адамдарға үстемақы берілмеген.

Мұның алдында Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ) мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудиттік тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады. Онда осы жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарының 2022-2023 жылдарға арналған бюджеттеріне аудит жүргізілетіні, және Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметіне де баға берілетіні айтылған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз