Алматыда 31 мамыр күні Mass Alert құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі
Алматыда 31 мамыр күні Mass Alert төтенше жағдайларды құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ертең сағат 12:00-де Android мобильді құрылғыларды пайдаланушыларға қазақ, орыс және ағылшын тілінде «Алаңдамаңыздар. Халықты хабардар ету жүйесіне тексеру жүргізілуде. Не беспокойтесь. Проводится проверка системы оповещения населения. Remain calm. The public alert system is being tested» деген хабарлама келіп түседі», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бірінші кезеңде жүйеге Android құрылғыларын пайдаланушыларының телефондары қосылады. iOS құрылғысының пайдаланушыларын екінші кезеңде жүйеге қосу көзделген.
Mass Alert жүйесінің қарапайым SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылықтары бар. Жүйе бойынша хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке жіберіледі. Сонымен қатар жүйе байланыс желілеріне шамадан тыс жүктеме түскеніне қарамастан жұмыс істей береді.
«Cell Broadcast технологиясының басты артықшылығы, қамту аймағындағы барлық абонентті бірден әрі жаппай ескерте алады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Mass Alert жүйесін Алматы ТЖД жер сілкінісі туралы ерте құлақтандырудың автоматты жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, 18 мамыр күні Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өткен кеңесте Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі қалада пилоттық режимде іске қосылатыны хабарланған болатын.
«Mass Alert» арқылы халықты құлақтандыру желіге қосымша жүктеме тудырмайтын және базалық стансалардың антеннасын жабу аймағындағы барлық абонентті бірден және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып жүргізіледі», — деген Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Ал қаңтарда жер сілкінісін хабарлау жүйесі әлі жарты жыл сынақ режимінде болатыны хабарланған еді.