Ресейдің тағы бір шенеунігі Қазақстанға қатысты жағымсыз пікір білдірді. Бұл жолы Ресей Думасының вице-спикері Петр Толстой «Украина мәселесі дұрыс шешілмесе, алдағы уақытта дәл осындай жағдай Қазақстан және Армения елдерімен қайталанатынын» айтқан. Оның бұл пікіріне қатысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жауап берді.
Толстой «Комсомольская правда» радиосына берген сұхбатында:
«Егер біз Украина тақырыбын жаппасақ, Қазақстанмен де, Армениямен де, бізді қоршап тұрған басқа елдермен де проблемалар туындауы мүмкін. Қазақстанда қазіргі таңда қазақ мемлекеттігін қалыптастыруға қатысты ұлтшылдық мифология белең алып барады», – деп мәлімдеген Ресей шенеунігі.
Ол сонымен бірге қазақстандықтарға Алматының казактар құрған ескі Верный қаласы екенін, қалалардың біразын «орыстар салып бергенін» де естен шығармауды ұсынған.
Журналистер Ресей шенеунігінің бұл пікіріне қатысты Мәулен Әшімбаевтың не ойлайтынын сұрады.
«Бұл сұхбатты естімедім. Бірақ онда не айтылғанынан хабарым бар. Мұны жеке бір адамның пікірі деп қабылдау керек. Түсінуімше, бұл мемлекеттік Думаның пікірі емес. Біздің ұлттық құндылықтарымызды қорғау мәселесіне келсек, ол – Үкімет пен Парламенттің міндеті. Біз ұлттық мүддемізді ішкі саясатта да, халықаралық деңгейде де қорғап жүрміз. Осы орайда, ұлттық мүддеміз жауапты органдар тарапынан дұрыс қорғалмайды деп ойлаудың қажеті жоқ», – деді Әшімбаев.
Журналистер дума вице-спикерінің бұлайша пікір білдіруін «Қазақстан тарапы қалай бағалауы керек?» деп сұрады. Әшімбаев бұл сұраққа сұхбатты көрген соң, толық жауап беретінін айтты.
«Тағы ескертіп айтам, бұл жеке адамның пікірі, мемлекеттік Думаның атынан сөйлеп отырған жоқ. Депутат жеке тұлға ретінде немесе мемлекет атынан да сөйлей алады. Сондықтан бұл мәселені ушықтырудың қажеті жоқ. Десе де, мен сұхбатпен танысып шығайын, содан кейін бұл тақырыпқа қайтып ораламыз», – деді Сенат спикері.
Бұл Ресей депутаттарының Қазақстанға қатысты айтылған бірінші жағымсыз пікірі емес. 2023 жылдың күзінде Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Осыған орай Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов ресейлік дума депутатының Қазақстанға қатысты айтқан жағымсыз пікірін тыңдау әдетке айналғанын, елдің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қатысты провокациялық, жалған пікір білдіруімен танылған депутат Федоров осы жолы да дәлелсіз хайп қуып отырғанын айтты. Депутат көрші елдің заң қабылдау органы өкілдерінің мұндай пікір айтуы орынсыз екенін бұл бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық келісімге зиянын тигізетінін ескертті.