Жаңалықтар

Халық утильалымнан түскен қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын білгісі келеді – Әшімбаев

Әшімбаев утильалым мәселесінде ашықтық пен жариялылық керек екенін айтты / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Утильалымнан түскен қаражат қайда және қалай жұмсалып жатқаны ашық болуы керек. Бұл жайлы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

Сенат отырысынан кейін өткен брифингте журналистер Сенат төрағасынан утильалым төңірегінде болып жатқан мәселелерге қатысты пікір білдіруін сұрады.

«Білуімше, утильалымға қарсы петиция 50 мыңнан астам дауыс жинап, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына алынды. Енді бұл петицияда көтерілген талаптарды арнайы жұмыс тобы қарастырады. Жұмыс тобына мемлекеттік органдардың мүшелері, сонымен бірге қоғам өкілдері де кіреді. Нәтижесінде екі тараптардың пікірі ескеріліп, министрлік оң шешім қабылдайды деп сенемін»,– деді министр.

Әшімбаевтың айтуынша, қоғамда бұл алым түріне қатысты қарсылықтың көбеюіне салада ашықтықтың болмауы себеп.

«Біз отандық өндірісті қолдауымыз керек. Сонымен бірге қоғамда сұрақтар көбейген. Мұнда бір нәрсе анық, қоғамға ақпарат жеткілікті деңгейде берілмей жатыр. Халық өздерінен жиналатын қаражаттың қайда және қалай жұмсалатынын білгісі келеді. Бұл қаражатты компаниялар қандай мақсатта пайдаланып жатқанын білуге тиіс. Бұл мәселеде ашықтық пен жариялылық керек. Барлық мәселе осы жерден туындап жатыр. Болашақта жауапты мемлекеттік құрылымдар мен бұл қаражатты жұмсап жатқан компаниялар толық ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенеміз. Бұл мәселеден осындай қорытынды шығару керек», – деді Сенат төрағасы.

Еске сала кетсек, E-Petition.kz ресми порталында жарияланған қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Оның 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатыны жазылған.

Бұл петицияға қатысты Қанат Шарлапаев қазақстандық кәдеге жарату зауыттарының мүддесін де ескеруге тиіс екенін айтты. «Кәсіпорындардың мүддесін қорғау – менің тікелей міндетім. Лоббизм жасады деу орынсыз. Қазақстан өнеркәсібінің дамуына жағдай жасауымыз керек», – деген болатын министр. 

Министр сонымен бірге бұл мәселеде екі тараптың да пікірі ескерілуі керек деп санайды. Сонымен бірге утильалым арқылы жаңа ашылған индустрияға қолдау көрсетілетінін, мұның отандық өнімді қорғауға бағытталған шара екенінатап өтті. Айтуынша, утильалымнан түскен қаражатқа бүгінгі күні автомобильге арналған орындықтар, автомобильге арналған дөңгелектер мен шиналар, автокөлікке арналған пластиктер шығарылады. Министрдің айтуынша, бұдан ары қарай өндірушілер үлкен пластикалық өнімдерді құюға көшеді. Өйткені үлкен заттарды сырттан тасу өте тиімсіз. Ондай заттар көп орын алады әрі жеткізу де қиын.