Ұлттық банк жаңа үлгідегі 10 000 теңгелік банкнотаны айналымға шығарады
Қазақстан Ұлттық банкі 28 маусымда 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 10000 теңгелік банкнотаны айналымға шығарады.
Он мың теңгелік екінші банкнота «Сақ стилі» жаңа сериясы бойынша дайындалған. Онда қазақы ою-өрнектің бастауы саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтері бейнеленген.
Банкноталар жаппай қолданысқа 2024 жылғы қыркүйекте беріле бастайды.
Ақша белгісінің дизайны мен формасы
Банкноталардың түсі – күлгін-көк.
Банкнотаның бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– артефакт – тау шыңындағы барыс бейнелі әшекей (Есік қорғаны, б.з.д. 5-4 ғғ., Алтын адамның бас киіміндегі деталь, қар барысы – батылдықтың, күш пен сұлулықтың символы).
Артқы жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан мен Қазақстанда мекен ететін барыс бейнеленген. Негізгі суреттің артында дөңгелек пішіндес қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:
- «Қалқан» – құндылықтарды қорғау;
- ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы;
- ортасындағы күн белгісі – шығармашылық қуат пен өмірдің символы.
Сондай-ақ, банкнотаның сырт жағында артефакт, яғни аузында грифондары бар барыстың басы бейнеленген (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, мақсаттылық пен күштің символы). Банкнотаның ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі «шексіздік» контуры бар. Онда Іле Алатауы тауларының ландшафты көрініс тапқан.
Ұлттық банк 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарды жаңасымен ауыстыру екі жыл бойы жүргізілетінін мәлімдеді. Жаңа үлгідегі (2024 жылғы) және ескі үлгідегі (2012 жылғы) банкноталар заңды төлем құралы ретінде қолданыста болады.
Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноталар сериясын таныстырды. Ұлттық банктің банкноттар бойынша бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.