Мемлекеттің үлесі бар 6 мыңнан компанияның жалпы қарызы 20 трлн теңгені құрады
Қазақстанда 20 триллион теңге қарызы қордаланған, мемлекеттің қарамағына алынған 6,3 мың кәсіпорын бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов айтты.
«Бүгінгі таңда тауар өндіруге мемлекеттің қатысу үлесі 55%-ға жетеді. Қызмет көрсету саласындағы мемлекеттің үлесі 44%-ды құрайды. Мемлекеттің қатысуымен 6,3 мыңнан астам нарық субъектілері бар. Экономиканың 30 секторының кем дегенде 20 секторында мемлекеттің үлесі бар», – деді БҚДА төрағасының орынбасары.
Мемлекеттің қатысуының жоғары деңгейін халықаралық институттар да атап өткен. Жекеменшік көрсеткіші бойынша Қазақстан ЕурАзЭО және Шығыс Еуропа елдері арасында рейтингтің белортасында.
«Бұл ретте басқару тиімділігінің көрсеткіштері мынадай: 20 триллион теңге – қарыз міндеттемелері, негізгі жабдықтардың амортизациясы – 50%, энергетика және газ тасымалдау инфрақұрылымы – 70%», – деді спикер.
Ахметов Қазақстанда жекешелендірудің екі толқыны болғанын, жалпы төрт кезеңде өткенін айтты. Билік бұл үдерісті жүзеге асыруда бірқатар мәселеге тап болды. Дайындықтың төмен деңгейі, активтерді бағаламау және инвестициялық қатер кедергі болды.
«Негізі жекешелендірудің ағымдағы кешенді жоспарының орындалу пайызы жақсы – 67% шамасында. Алайда, біріншіден, мемлекеттің қатысу мақсаттары мен міндеттерінің болмауына байланысты проблемалар бар. Активтерді іріктеудегі барлық мәселе әлі күнге дейін мемлекет қай кезде кәсіпкер ретінде шешім қабылдауы керек екенін түсінбеуден туындауда», – дейді агенттік өкілі.
Екінші мәселе, «жекешелендірудің қалдық принципіне байланысты», яғни мемлекетке қызықты емес, сәйкесінше инвесторлар үшін де тартымсыз кәсіпорындар сатылымға шығарылған.
Үшінші мәселе – мемлекет кәсіпорындарды жеке инвесторларға сатуға тырысты, бірақ олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасамаған.
«Қатаң, шектен тыс реттеу саясаты біз жекешелендіруге ұсынған бұл кәсіпорындардың тиісінше жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді, бизнес оларға қызығушылық танытпады», – деді Ахметов.
Ахметовтің айтуынша, мемлекет инвесторларға коммерциялық немесе рентабельді емес активтерді, әлеуметтік қызмет көрсететін немесе мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындарды сатқан. Олар инвесторлар үшін қолайсыз болып шықты және дамуына елеулі түрде қауіп төнді.
Мұндай активтің мысалы ретінде Ахметов «тек Президент арқасында» вьетнамдық SOVICO Group холдингіне сатылған Qazaq Air-ды келтірді.