Қазақстанда тағы бір ұлттық университет пайда болады
Таразда гидромелиоративтік-құрылыс институты қалпына келтіріліп, оған ұлттық университет мәртебесі беріледі. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Оның айтуынша, Кеңес Одағының тұсында мұндай оқу орындары бесеу ғана болған- Ресейде екеу, Украина, Өзбекстан және Қазақстанда бір-бірден.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз атақты Тараз гидромелиоративтік құрылыс институтын қайта құрамыз, бірақ су шаруашылығы университеті түрінде. Қазір бізде қалған барлық кадрды сол жерге жинайтын боламыз. Бұл университетке мықты қызметкерлер, соның ішінде жастардың көптеп келуі үшін оқу орнына Ұлттық мәртебе берілуі мүмкін. Қазір Үкімет бұл мәселені өте байыпты түрде пысықтауда», – деді Саясат Нұрбек Сенат кулуарында.
Жаңа ұлттық Су шаруашылығы университеті М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің (ТарРУ) базасында құрылады. Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, қазір институтты университет құрылымынан бөлек оқу орнына бөлу мәселесі қарастырылуда.
Айта кетейік, Жамбыл (Тараз) гидромелиоративтік-құрылыс институты 1962 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультетінің базасында ашылды. 1998 жылы институт тағы екі оқу орнымен – Жамбыл университетімен және жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтымен біріктіру арқылы ТарРУ құрамына енді.
Еске салсақ, осыған дейін Нидерландыдан келген ғалымдар су тасқынының алдын-алуға қатысты жаңа шешімдер ұсынған еді. Су тасқынын болжау үшін халықаралық сараптамалар жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, елдегі апаттың алғашқы күндерінен бастап елімізде Нидерландыдан келген ғалымдар тобы жұмыс істеген. Олар жақын арада су тасқыны қаупін басқарудың бірлескен жоспарын ұсынбақ.